Жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ, оның ішінде 12 мың өрт тіркеледі.
Биыл 19 қазанда азаматтық қорғау органдарына 29 жыл толады. 1995 жылы ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті – елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы орталық атқарушы орган ретінде құрылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылған күні азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушы күні болып табылады.
1995 жылдан бастап азаматтық қорғау жүйесі айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру шеңберінде МКЖС комитет, агенттік, министрлік болып қайта құрылды, ІІМ жүйесінде болды, одан әрі 2020 жылы министрлік қайта құрылды.
Барлық кезеңде төтенше жағдайларды жою қызметі кәсіби түрде дамып, құтқару бөлімшелерімен толықтырылды.
"ТЖ қызметтерімен жұмыс істеген жылдары (1995-2023 жылдар) төтенше жағдайларды жоюға 1,6 млн астам шақырту қабылданды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі, кәсібилігі, жеделдігі арқасында 421 мыңнан астам адам құтқарылды, ТЖ түрлі аймақтарынан 383 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 72 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді", деп мәлімдеді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.Жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ, оның ішінде 12 мың өрт тіркеледі. ТЖ аймағынан құтқарушылар 8 мың азаматты құтқарады, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялайды, 4 мың зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетіледі.
Еліміздің өртке қарсы және құтқару қызметтерінің мамандары өз өмірін қатерге тігіп, азаматтарды құтқару жолында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 73 қызметкер қайтыс болды.
Азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер қызмет атқарады.
Еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды, бұл заңнаманы қабылдау, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салу, құтқару және өрт техникасы мен жабдықтарын сатып алу, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қызмет өткеру жағдайларын жақсарту, кәсіби кадрларды даярлау, өрт-құтқару спорты мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту.