Ол психиатриялық ауруханаға жеткізілді.
Алматы облысы Талғар қаласында журналист Асхат Ниязовқа “Хутор” бандасы туралы айтқан тұрғынды полицейлер ұстап әкетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
21 қазанда Асхат Ниязовтың "Обожаю" YouTube-арнасына Талғар қаласы туралы зерттеу материал жарияланған еді. Сол зерттеуде "Хутор" бандасы туралы сөз қозғаған адамды полиция ұстап әкетіп, психиатриялық ауруханаға жеткізген. Бұл ақпаратты журналист Асхат Ниязов Telegram-арнасында хабарлады.
“Дәл қазір полицейлер Талғар туралы эпизодтың кейіпкерлерінің бірін ұстады. Ол психиатриялық ауруханаға жеткізілді”, – деп жазды ол.
Ақпаратқа сәйкес, ұсталған азамат Шерзат Болаттың көршісі әрі отбасылық досы. Журналист онымен бірге бұрын Хутор атанған Тұрар Рысқұлов ауылына барған.
Ол адаммен сұхбат көліктің ішінде жазылған. Себебі сыртта тұрып сөйлесу қауіпті болған. Ер адам осы ауылдарда бұрын не болғанын, "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобы туралы бар білетінін айтқан.
Ал полиция сұхбат берген адамның психиатриялық ауруханадан бұрын қашып кеткенін айтты.
"Азамат К., бұрын қоғамдық қауіпті әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларына сотталған. Оны полиция қызметкерлері қайтадан ұстады”, – делінген сот хабарламасында.
Полицейлер Еркен Қазбековтің құжаттарды қайта рәсімдеуге барғанын, содан кейін медициналық мекемеден қашып кеткенін айтты. Ол 21 қазанда ұсталып, "тағайындалған емді жалғастыру үшін медициналық мекемеге" қайтарылды.