Өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болмаған жағдайда такси қызметі заңсыз деп танылады.
Енді еліміздегі такси алпауыттары өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуы тиіс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қазір Қазақстанда Yandex, InDrive, Максим, Aparu сияқты таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары бар. Олар өз қызметін тәуелсіз, бәсекелестік негізде жүзеге асырады. Заң жобасына сәйкес бұл қызмет пен такси қосымшалары, такси агрегаторлары автотасымалдаушылар палатасының құрамында болуы тиіс. Осыған байланысты өз-өзін реттейтін ұйымдарда міндетті мүшелік туралы талаптың орындалуын қалай қамтамасыз ету керек?», - деп сұрады депутат ведомство өкілінен.
Көлік министрі Марат Қарабаев өз-өзін реттейтін ұйымдарда міндетті мүшелік туралы талапты түсіндірді. Айтуынша, заңда екі мәселе қарастырылған.
«Оның біріншісі – міндетті, екіншісі – еркін түрде. Сіз айтып отырған интернет алпауыттарына міндетті түрде осындай өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болу қарастырылған. Егер ол өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болмаса, онда оның қызметі заңсыз деп танылады. Нәтижесінде заңсыз қызмет атқаруына басқа заңнамалық актілерде тыйым қарастырылған. Сондықтан осындай үлкен интернет платформалары өз қызметін сақтап қалуы үшін міндетті түрде алдағы уақытта өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болады. Бұл олардың қызығушылығын тудырады», - деді ведомство басшысы.