Медицина қызметкерінің айтуынша, кейін қызды әлдекімдердің зорлап, ұрып-соғып кеткені белгілі болды.
Әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкері жазба жариялады. Медицина қызметкері Талғар ауданында жол жиегінен зәбір көрген, денесінде соққы іздері бар қыздың табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке cілтеме жасап.
Алматыда жұмыс істейтін жедел жәрдем қызметкері 23 қазан күні үйіне, яғни Тұздыбастау ауылына қайтып бара жатқанда жол жиегінде жатқан қызды көріп қалған.
“Алтынай дәмханасынның жанында жатыр екен. Көліктер жүріп жатқан жолдың жанында 3 автокөлік тұр екен. Адамды қағып кетті екен деп ойладым. Науқасты тексеру барысында қыздың 18 жаста екені анықталды. Білектегі жарақаттан қан кеткен. Жолдан өтіп, мән-жайды білемк болдым. Қызға көмектеспек болған адамдардың сөзінше, қыз көліктер жүріп жатқан жолда тұрып, кенет құлаған. Сөйтіп оны жол жиегіне қарай шығарыпты. Дереу жедел жәрдем шақырдық. Уақыт шамамен 09:00 еді”, – делінген жазбада.
Медицина қызметкерінің айтуынша, кейін қызды әлдекімдердің зорлап, ұрып-соғып кеткені белгілі болды.
“Болған жағдайдан кейін өзіне қол жұмсамақ болған. Сол қолының білегінде жарақат бар. Жарақат аса терең емес, бірақ қансырап жатты. Сондай-ақ мойын тұсында жарақат бар. Мен алғашқы көмек көрсеттім”, – деп жазды автор.
Ол 103 -ке бірнеше рет хабарласқанын және 102-ге қоңырау шалғанын айтады. Алайда 40 минут күткенде ешқайсысы келмеген. Медицина қызметкері қыздың жақындарына хабарласып, жағдайды түсіндірген. Хабар алған қыздың анасы, құрбысы мен атасы дереу жетті.
Алматы облысының полиция департаменті болған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Бұл ретте қыздың өзі соққыға жығылып, зорлағанын жоққа шығарып, арыз беруден де бас тартты.
“Соған қарамастан полиция өзіне қол жұмсауға итермелеу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.