Бұған қоса 28 қазан - ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да туған күні.
Бүгін әнші Роза Рымбаева 67 жасқа толды. Бұған қоса 28 қазан - ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да туған күні, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Роза Рымбаева
1957 жылы қазақ эстрада әншісі, педагог, профессор, Қазақ КСР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Қуанышқызы Рымбаева дүниеге келді. Бұрынғы Семей облысында туған. Т. Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемөнер институтын бітірген, мамандығы – музыкалық комедия актері. 1976 жылдан – «Гүлдер» республикалық эстрадалық-жастар ансамблінің мүшесі. 1979 жылдан осы кезге дейін – Қазақ мемлекеттік «Қазақконцерт» концерт бірлестігінің әншісі. «Парасат» орденімен маратталған. «Эстрада жұлдызы» аталымында «Жыл адамы» (2000) атанған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, «Өмірді әнмен өрнектеп» телевизиялық конкурсының, Бүкілодақтық жас орындаушылар конкурсының лауреаты. «Алтын Орфей», «Сопот-77», «Алтын микрофон» фестивальдарының Гран-при иегері.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Бүгін ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан облысының Ш.Уәлиханов ауданында туған. Есейе келе қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақыңдыққа ден қойып, «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын 1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспайды. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды.
Осындай көңіл-күй әсерімен «Ләпет бұлты шатырлап», «Алтыаяқ» сияқты өлеңдер жазған. «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл», т.б. өлеңдерін, 1915 жылы «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді. 1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. «Шәкірт ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты. 1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатысып, «Алаш ұранын» жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиеттерді көп оқып, «Шал мен қызға», «А, дүние», «Жас жүрек», «Сарыарқаның жаңбыры», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», т.б. өлеңдерін жазды. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман («Қамар сұлу», «Кім жазықты?»), төрт поэмасын («Таныстыру», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс») жариялады.