29.10.2024, 19:00

Қостанайда полиция подполковнигі мереке күні ішімдікке тойып алып, тәртіп бұзған (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Видеодан ер адамды ойын-сауық мекемесінен шығарып жатқанын көруге болады.

Қостанай облысы полиция департаментінің кадр жұмысы жөніндегі аға инспекторы Булат Ибрашевтің Республика күнін тойлап жүрген сәті видеоға түсіп қалды. Тәртіп сақшысы мас күйде қоғамдық тәртіпті бұзған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tobol.info порталына сілтеме жасап.

Полиция подполковнигінің әрекетін “Понаехали” дәмханасының келушілері видеоға түсіріп алған. Видеодан ер адамды ойын-сауық мекемесінен шығарып жатқанын көруге болады.

“Видеоны Ибрашев жұмыстан шығарып жіберген адам түсірген сияқты”, “Полиция подполковнигі бола тұра мына әрекеті несі?”, “Жұмыстан кеткенін күтеміз”, “Масқара”, “Була, мен саған өмір бумеранг деп айттым ғой”, – деп жазды желі қолданушылары.

Видеоға қатысты Қостанай облысының полиция департаменті пікір білдірді.

“Аталған факті бойынша қызметтік тергеу тағайындалып, оның аясында қызметкердің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ қызметкердің де, басшылықтың да кінәсінің деңгейі анықталады”, – деп мәлімдеді полиция.