31.10.2024, 11:40

Испанияда су тасқынынан 95 адам қаза тапты: Зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар ма? (ВИДЕО)

Метеоролгтар жауын-шашын бүгін де жалғасады деп ескертті.

Испаниядағы алапат су тасқыны салдарынан 95 адам көз жұмды. Үкімет басшысы Карлос Масон аймақтарда іздеу-құтқару жұмысы әлі жүріп жатқанын айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Сондықтан құрбандар қатары әлі өсуі мүмкін. Опат болғандардың 82-сі Валенсия провинциясының тұрғындары. Жоғалғандар да өте көп. Теле және радио стансаларға сырт әлемнен оқшауланып қалған жүздеген тұрғын хабарласып жатыр. Құтқару операциясына мыңнан астам сарбаз бен тікұшақ тартылды. Ондаған мың адам жарықсыз отыр.

Метеоролгтар жауын-шашын бүгін де жалғасады деп ескертті.

Испания патшасы жақынынан айырылғандарға көңіл айтты.

"Қайғылы оқиғаға байланысты жақынын жоғалтқан барлық отбасыларға көңіл айтамыз. Көптеген мүлік қирады. Кейбір аймақтарға әлі жете алмай жатырмыз. Сондықтан алапат тасқынның зардабын әлі толық білмейміз. Премьер-министр және барлық аймақ басшыларымен байланыстамын. Барлық шараларды жасап жатырмыз", - деді  Испания патшасы Филипп VI.

Зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Зардап шеккен аудандарда құтқару операциясы жалғасып жатыр, ал қаза тапқандардың нақты санын әзірге анықтау мүмкін емес. Сондай-ақ Альбасете аймағында із-түзсіз жоғалғандар туралы ақпарат бар.

Әлеуметтік желілерде су ағыны көпірлер мен көліктерді шайып жатқанын көрсететін кадрлар жарияланған. Кейбір бейнежазбаларда адамдардың су тасқынынан құтылу үшін ағаштарға өрмелеп жатқаны көрсетілген.