$ 495.2  522.34  4.94

Қазақстанда Telegram-ның бөлімшесі ашылады

Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындайды.

Фото: kursiv.media
Фото: kursiv.media

Елімізде Telegram мессенджерінің бөлімшесі ашылады. Бұл туралы цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Біз Астана халықаралық қаржы орталығының базасында Telegram кеңсесін ашумен айналысамыз. Контентті модерациялауға жауапты нақты тұлға бөлінеді. Егер заңнаманы бұзу – зорлық-зомбылыққа шақыру немесе есірткі трафигіне байланысты болса, онда Telegram біздің өтініштерімізді жедел қарайды және арналарды бұғаттауға және жоюға көмектеседі", - деді министр Жаслан Мәдиев. 

Еске салайық, бұған дейін Мәдиев мессенджердің бөлімшесі ашылатыны туралы АҚШ Сауда палатасымен және Meta мен Apple сияқты америкалық компаниялардың өкілдерімен кездесуде мәлімдеген болатын. 

Аталған кездесулерде ақпарат қауіпсіздігі, фейк аккаунттармен күрес және пайдаланушыларды қорғауға қатысты мәселелер туралы айтылды. 

"Біз Telegram платформасымен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындайды. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткіздік", - деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Meta компаниясымен алаяқтық схемаларға қарсы күрес жұмыстарының басталғанын да мәлімдеді. Meta өкілдері Қазақстан тап болып отырған интернет алаяқтық көптеген елдер үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Соңғы тоқсанда Meta жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, әлем бойынша 1,2 миллиард жалған аккаунтты бұғаттады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары