Ал шариғатта дастархан жаймақ түгілі қазалы үйден ас ішуге болмайтыны жазылған.
Желіде қазақтардың жаназаны өткізу салтына кейіген арудың жазбасы көпшіліктің талқысына түсті. Айтуынша, жұрттың марқұмның үйіне барып, ішіп-жеп, дастарханды сынауы, өсек айтып көңіл көтеруі – екіжүзділіктің нағыз көрінісі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
“Салаттары дәмді емес, бауырсақтары қатты, үйлері жұпыны”. Жұрт жаназада нені сынайды?
TikTok пайдаланушысының айтуынша, қазақтардың жаназада өздерін ұстауы екіжүзділіктің айқын көрінісі.
Өмірімде көрген ең қорқынышты дүние – қазақтардың жаназасы. Жақыныңнан айырылып, жаның ауырып, еңсең түскен сәтте үйге 7 күн бойы қонақтар келеді. Кейін тіпті бұл 40 күнге жалғасады. Біреулер бір бөлмеде күліп-ойнап, ас әзірлеумен айналысады. Ал басқа бөлмеде әйелдер апта бойы бар дауыстарымен айқайлап, өтірік жылайды. Сен бұл адамдардың алдында жылай алмай, жалғыз қалғың келеді. Марқұмды шығарып салатын күні бір бұрышта жылап тұрсаң, саған “бар дауысыңмен айғайла” деген талап қояды. Себебі солай жылау керек екен. Және сенің ішкі жағдайың ешкімді қызықтырмайды. Барлығы марқұм туралы өсек әңгімелер айтып, бар дауысыңмен айғайлап жыламағаның үшін саған көздерінің қиығымен қарайды. Мұның барлығы – адамдардың бойындағы екіжүзділіктің нағыз көрінісі, – деді желі қолданушысы.Жазбаның астында бір топ қазақстандық оның ойына қосылып, бастарынан өткен ұқсас жағдайларды баяндап кеткен:
“Онымен қоймай, “дастархандары жақсы жайылмаған, салаттары дәмді емес, бауырсақтары қатты” деп талқылайды”, “Сарқыт алуға пакет беріңдерші” дейтіндер де бар”, “Таңғалатыным, адамдар қалайша осындай кезде еш қысылмай ішіп-жеп, әңгіме айтып отырады?”, “Әкем қайтыс болғанда келгендердің бәрінің айтқаны біздің ескі үйіміз бен төмен жағдайымыз болды”, “Біз жылап отырғанда туысқандарымыз тамақ ұрлаған”, “Бәрінен бұрын әйелдерді эмоцияға беріледі деп жерлейтін кезде зиратқа апармайтыны таңғалдырады. Мәселен, мұсылман түріктерде әйелдер лайықты түрде зиратқа барады ғой”, – деді желі қолданушылары.
Фото: freepik.com
“Өлім болған үйден ас ішуге болмайды...”
Осы тұста ҚМДБ “Қамқор-Шарапат” салттық қызмет көрсету орталығының жауапты маманы Талғат Сапанов жаназа кезінде ең басты төрт нәрсені орындау парыз екенін жеткізді. Оған: жуындыру, кебінге, ақ матаға орау, біліп-білмей істеген күнәлары үшін мінәжат етіп, намазын оқу, апарып жерлеу жатады. Ал шариғатта дастархан жаймақ түгілі қазалы үйден ас ішуге болмайтыны жазылған.
Шариғатта Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) “қайғы болған үйден ешкімге тамақ жеуге болмайды” деп айтқан. Себебі адамнан айырылып, қайғы болып жатқан кезде бір баласы соятын мал іздеп, бір баласы ас беретін мейрамхана іздеп кетуі дұрыс емес. Тіпті біреулер жақсыдастархан жаю үшін несие алып жатады. Мұның барлығы – ысырап. Мұны шариғат құптамайды. Ал енді алыстан келген адамдарға асты туысқандары, көршілері беруі керек. Негізінде басқа мұсылман елдерінде 3 күнге дейін ас берілмейді. Бізда Алланың өзі кешірсін, “ұят болады” деп шашылып жатады. Негізі пайғамбарымыздың кезінде адамдар марқұмды жерлеп намаздарын оқып, кейін қабір басынан тарап кеткен. Жаназаға адамдар үлкен сауап алу үшін келген. Мұнда маңыздысы ағайындар бас қосып, құран оқыса, жеткілікті. Шариғатта адамның саны мен дастарханның көптігі сияқты ысырапқа жол жоқ, – деді маман.Талғат Сапанов сонымен қатар жаназада айғайлап жылаудың да дұрыс емес екенін тілге тиек етті. Айтуынша адам ажалдан құтыла алмайтын болған соң, оны лайық түрде қабылдай білуі керек.
Әрине, жақыныңнан айырылу қиын. Бірақ айқайлап, дауыс көтеріп жылау шариғатта дұрыс емес. Себебі өмірге келу де, кету де Алланың заңы. Жылауға болмайды деген сөз емес. Қайғы мұңды көз жаспен сыртқа шығаруға болады. Бірақ “ел көрсін, ұят болады” деген ниетпен көрер көзге дауыс көтеріп жылау дұрыс емес.
Ал өзгелер жаназаға барған кезде ең бірінші дәрет алып баруы керек. Кейін бейәдеп сөздер айтпай, өздерін дұрыс ұстауы керек. “Тойып тамақ жейтін болдым” деген ой болмауы шарт. Керісінше, қайтыс болған үйден мүмкіндігінше тамақ ішпеуге әрекет ету қажет. Күлкілі, әзіл сөздер айтуды шариғат құптамайды. Себебі әрбір қайтыс болған адамнан “мен де Алланың ажалынан құтыла алмаймын” деген ғибрат алуымыз керек, – деп қосты ол.
Фото: freepik.com
Не үшін әйелдер зиратта жерлеуге қатыспайды?
Маман осы тұста әйелдердің не үшін зираттағы жерлеуге бара алмайтынын түсіндірді. Айтуынша, әйелдер зиратқа барса, мәйітке қиын болады.
Ең біріншіден, әйел нәзік жаратылған жан болғандықтан олар зираттан үлкен эмоция алуы мүмкін. Екіншіден, ұлы сөзде ұят жоқ, әйелдерде етеккір болғандықтан дәрет бұзылып жатады. Ал жерлеу кезінде барған барша жан таза, дәрет алған болуы шарт. Дәретсіз етеккірі бар адам жерлеуге қатысса, мәйітке қиындау болады.
Марқұмды соңғы сапарға шығарып салар кезде оның отбасы мен туыстарына мәйтке кіріп қоштасуына болады. Балалардың да жасына шектеу жоқ. Тек психологиялық тұрғыда қорқып қалады-ау деген сәттер болмаса болғаны. Бұл адамдардың өз таңдауы, – деді ол.
Талғат Сапанов марқұмның киімін заттарын тарату міндетті емес екенін алға тартты. Айтуынша, бұл біздің дәстүр бойынша жасалған ғұрып. Сонымен қатар жұртты жерлеу рәсімін тек ресми имамдарға сеніп тапсыруға шақырды.
“Қайтыс болған адамның денесіне көз жасын тамызуға болмайды”
Ал этнограф Баяхмет Жұмабайұлы қазақ тарихында адам өлгенде тіпті бетін кесіп қан шығарып жылағандардың да болғанын айтады.
Адам дүниеден өткеннен кейін оған қайғыру орынды. Ертедегі тарихта адамдар өздерінің бетін орып, қанын ағызып жылаған. Кейін ислам діні келді. Салт-сана мен ислам дінінің тоғысуы болды. Өлім заңдылық болғандықтан, шыңғырып, бақырып жылауды тоқтатқан. Дегенмен жыламай қоюға болмайды. Қазақта жоқтау айтып жылаған. Дегенмен адам жерленбей тұрып дауыс болмауы керек. Адам жерленгеннен кейін ғана дауыс шығаруға болады. Себебі ғылымда да, сенімде де қаза болған адамның бірнеше уақыт бәрін естіп жататыны айтылады. Тіпті қайтыс болған адамның денесіне көз жасын тамызуға болмайды деген де ырым бар. Бұл үлкен қиянат болады, – деді маман.Этнограф қаза болған үйде оған қазан асылмайтынын, ойнап-күлуге болмайтынын жеткізді. Айтуынша, тек алыстан келген адамдарға марқұмның көршілері немесе туысқандары ас әзірлеп әкеліп берген.
Заңдылық бойынша өлім болған үй үш күнге дейін от жақпауы керек.Тамақты көрші-қолаң, туыс-туғандар сырттан алып келеді. Солай тамақтандырады. Ал енді кезінде көшпелі халық болғасын, далада тек бір-екі үйден отырған. Мұндай жағдайда амалсыздан қайғы жұтып отырған үй кешке қарай қазан асқан. Алайда онда да шашылып ас әзірлеу маңызды болмаған. Қарапайым дастарханды сөге жамандамайды, сынамайды. Жалпы дәстүрде түркі дәуірден бүгінге дейін қазақ өлімнен қорықпаған. Өлімнің заңдылық екенін мойындайды. Ал қазіргі заманда жаназа үстіндегі оғаш қылықтарды байқап жүрміз. Сырттан келген адамдар аса қатты қайғыра бермейді. Қай жаназаға барсаң да ағайындардың бір-бірімен қалжыңдап, ойнап күліп отбасының қайғысына ортақтаса алмай жатқанын көріп жүрміз. Сондай өлімге барған кезде мұны айқайлап тұрып айтып ескерткен кезім де болған. Бұл – адамдардың өлімге деген құрметсіздігінің көрінісі, – деп қосты ол.
Фото: freepik.com
“Жаназада мол дастархан жаю қайдан пайда болған?”
Баяхмет Жұмабайұлы дастарханды толтырып жаю бәсеке мен адамдардың бір-бірінен ассам деген ниеттерінен пайда болғанын алға тартты.
Қазір тіпті қайғы болған үйге келген адамдардың бәріне орамал, электронды тасбих сияқты заттар тарататын болыпты. Ондай қағида қазақта жоқ қой! Жерлеуде қанша көп көлік шықса, соншалық абырой деп көріп жатады. Қабір тұрғызудың өзі бәсеке болып отыр. Сондықтан бұл адамдардың пиғылына байланысты болып кетті. Мұның пайда болу себебі сол бәсекеден болуы керек. Себебі дәстүрде мұндай нәрсе жоқ. Қайтыс болған адамның қабірі белден төмен деңгейде қоршалады. Себебі оған мал түсіп кетпеуі керек. Оның беті ашық болады. Себебі жаңбыр жауып оған шөп, терек өссе мұны жақсылыққа балаған. Ал қазір оның барлығын цементтеп, күмбездеп, тұншықтырып тастайды. Тіпті сол адамның мүсінін қоятындарды да кездестіріп жатырмыз, – деді маман.Этнограф осы тұста қазақта тек ұзақ жасаған адамның жаназасына барғандар асын ішіп, киімі немесе затын ырымдап алып кетуге тырысқанын жеткізді.
“Марқұмның киімін таратып беру дәстүрі қазақта бар. Бірақ оны тек мәйітті жуындырған үш адам жауапты жанға береді. Олар басын, аяғын, орта бөлігін бөліп жуындырады. Егер ол адамдар қаласа, басын жуған адамға бас киім, ортасына түскен адамға киімі, аяғына түскен адамға аяқкиімін берген. Ал енді адам жасы 90-100 ге жетіп, ұзақ жасап қайтыс болса, онда келген жұрт асын ішіп, киімін, болмаса, бір қиынды матасын болсын “соның жасына жетейін” деген ырыммен алып кеткен.
Ал жас бала дүниеден өтсе мұны қазақ халқы жаман ырымға балап, ол үйден ас ішпеген, ештеңе алмаған”, – деп қорытты ол.