01.11.2024, 16:00

TikTok-ты бұғаттау: Сенатор ұсынысын Үкімет қолдай ма?

Фото: TikTok. Getty Images/Mateusz Slodkowski

Олжас Бектенов балаларды қауіпті контенттен қорғау үшін YouTube Kids секілді арнайы қосымшаны құруға қатысты да пікір білдірді.

Премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың TikTok әлеуметтік желісінің қызметін шектеуге қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Уәкілетті орган тұрақты негізде Tik Tok ресми өкілдігімен жұмыс жүргізеді. Жас пайдаланушыларды зиянды контенттен қорғау мақсатында платформа тіркелу формасын әзірледі (стандарттарға сәйкес), онда толық туған күнін көрсету қажет, өйткені TikTok 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға арналмаған. Платформа автоматты түрде және қолмен модерациялауды қолдана отырып, көрсетілген контентті (экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттер) анықтау және шектеу үшін алгоритм әзірледі. Автоматты модерация бекітілген бірыңғай ережелерді (TikTok пайдалану стандарттарын) бұзатын контенттің белгілі бір түрлерін таниды және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Контентті модерациялаудың екінші әдісі TikTok пайдаланушылардан «шағымдану» функциясына сәйкес түсетін шағымдарға негізделген», - делінген жауапта.

Үкімет басшысының сөзінше, модератор командалары жергілікті даулы контентті тексереді және егер ол пайдаланушыларға қауіп төндірсе, оны жояды. 

«Tik Tok ресми ұстанымына сәйкес, жергілікті қоғамдастықтың қауіпсіздігі – осы платформаның абсолютті басымдығы. Аккаунт иелері 13 жасқа толмаса, онда жойылған есептік жазбаларды жойып, олардың санын көпшілікке жария еткен алғашқы ірі платформа Tik Tok болды. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында TikTok 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі Қазақстандағы 1 239 635 есептік жазбаны жойды, ал өткен жылы олардың саны 1 842 467 есептік жазбаны құрады», - деді ол.

Олжас Бектенов балаларды қауіпті контенттен қорғау үшін YouTube Kids секілді арнайы қосымшаны құруға қатысты да пікір білдірді.

«TikTok 13 жасқа толмаған балаларға арналмағандықтан, YouTube Kids сияқты арнайы қосымшаны құру мәселесі бүгінгі күні қарастырылмайды»,- делінген Премьер-министрдің жауабында.

Оның жазуынша, TikTok қосымшасы 12+ рейтингіне ие, бұл ата-аналарға мобильді құрылғыдағы ата-ана бақылауы құралдары арқылы баланың қосымшаны жүктеуіне жол бермейді.

«13 жасқа толған жасөспірімдердің ата-аналары үшін TikTok сонымен қатар балалардың онлайн өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін ата-ана бақылауы құралдарын ұсынады. «Отбасы параметрлері» арқылы ата-ана параметрлерді басқару үшін өз есептік жазбасын жасөспірімнің есептік жазбасымен байланыстыра алады (экран уақытын шектеу, есептік жазбаның құпиялылық параметрлері, жеке хабарлама параметрлері және т.б.). Үкімет өз кезегінде әлеуметтік желілердің, атап айтқанда, «TikTok» қазақстандық балалардың дүниетанымын, рухани және адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруға теріс әсерін барынша азайтуға бағытталған. Алайда қазіргі жастарды тәрбиелеудегі проблемалар тек әлеуметтік желілердің зиянды әсерінен туындамайтындығы туралы түсінік бар. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар, қоғам және мемлекет арасындағы қарым-қатынастың маңызды әлеуметтік функциясына ие. Оларда танымдық және дамытушылық контенттің едәуір көлемі бар. Атап айтқанда, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері TikTok әкімшілігімен серіктестікте бірқатар табысты білім беру жобаларын іске асыруда», - делінген жауапта.

Жалпы онлайн-платформалар «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заңдардың талаптарын сақтайды, деп есептейді Премьер-министр.

«Осыған байланысты уәкілетті орган құқық қорғау органдарымен және арнаулы мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз контентті табу және жою алгоритмін жақсарту мақсатында тұрақты негізде TikTok өкілдерімен жұмыс кеңестерін өткізеді. Нәтижесі бойынша модерация мүмкіндіктерін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу жүзеге асырылуда», - деді Олжас Бектенов сенатордың сауалына берген жауабында.

Айта кету керек, осыған дейін сенатор TikTok платформасын бұғаттауды ұсынғанын жазғанбыз.