13.11.2024, 17:00

«Ұятқа қалып отырмыз»: Депутат Қазақстан футбол федерациясына қазақ азаматын әкелуді сұрады

Фото: parlam.kz

Футболда да, баскетболда да, хоккейде де легионерлердің бәрін жинап алдық. 

Депутат футбол федерациясының басшылығына жүрегі қазақ деп соғатын азаматты қоюды сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың пайымдауынша, спорт саласына легионерлерге мемлекеттік ақшасын босқа шашуды қою керек.

«Футбол, баскетбол, хоккей ойындары біздің көңілімізді көншітпейді. Құрлықтық хоккей лигасынан алып кетуге болмай ма? Тек ұятқа қалып отырмыз. Одан кейін футболда да, баскетболда да, хоккейде де легионерлердің бәрін жинап алдық. Солардың бәріне мемлекеттің ақшасын шашуды доғару керек деп ойлаймын. Содан кейін Қазақстан футбол федерациясының басшысы да ауысты, сол жерге жүрегі қазақ деп соғатын бір азаматты алып келіңіздерші, өтініш. Екіншіден, бізде 6200 ауыл бар. Оларда қанша спорт алаңдары бар, қаншауында спорт алаңдары жоқ? Келесі жылы сол ауылдарға спорт алаңын салу үшін қанша қаражат бөліп отырсыздар?», - деді Мәжіліс депутаты Туризм және спорт министріне.