14.11.2024, 18:20

Алматыда Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды (ФОТО, ВИДЕО)

Жазушының терең ойлы туындылары мен аудармалары қазақ тілінің байлығын насихаттауға, оқырмандардың рухани өсуіне ықпал еткенін атап өтті. 

Алматы қаласында қазақ әдебиеті мен журналистикасына зор үлес қосқан жазушы, аудармашы және журналист Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шараға ақын Қасымхан Бегманов Е.Әкімқұлов туралы баяндама жасады. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және Алматы қаласының Мәдениет басқармасының басшысы Майлибаев Ғани салтанатты шараға қатысып, атаулы оқиғаның мән-маңызы, тарихи құндылығы туралы сөз сөйледі. Шараға Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі де барып репортаж дайындады.

Еркінбай Әкімқұловтың өмірі мен шығармашылығы

Еркінбай Әкімқұлов 1937 жылы 4 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін, өзінің еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер болып бастады. Кейін Алматы қалалық партия комитетінде нұсқаушы, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Қазақ радиосында аға редактор, «Жалын» баспасында редактор болып жұмыс атқарды.

Еркінбай Әкімқұловтың әдебиетке қосқан үлесі мол. Оның «Қарақозы Әбділдаев», «Даңқым – дәуірім», «Қыз күнделігі» сияқты еңбектері қазақ оқырмандары арасында кеңінен танымал. Ол сондай-ақ, Януш Корчактың «Қайта оралған балалық» және Р.Мұстафиннің «Кішкентай Мұса» повесін қазақ тіліне аударған. Жазушының Шәмші Қалдаяқовтың өміріне арналған «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» роман-эссесі де оқырманның жоғары бағасын алды.

Ескерткіш тақта ашылуының маңызы

Салтанатты рәсімде сөз алған қатысушылар Еркінбай Әкімқұловтың шығармашылық мұрасының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Жазушының терең ойлы туындылары мен аудармалары қазақ тілінің байлығын насихаттауға, оқырмандардың рухани өсуіне ықпал еткенін атап өтті. Ескерткіш тақта орнатылуы – әдебиет сүйер қауымға, жас ұрпаққа оның еңбектерін ұмытпауға шақыратын маңызды іс-шара болып табылады.

Еркінбай Әкімқұловтың мұрасы әлі де қазақ әдебиеті мен мәдениетіне жарық түсіріп, ел есінде мәңгі сақталмақ.