$ 493.85  519.04  4.97

Желге ұшқан бюджет ақшасы: Футбол клубтарының былығы әшкереленді

Антикор өкілі Данияр Бигайдаровтың сөзінше, 2018 және 2023 жылдар аралығында футбол клубтарына бюджеттен 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

 «Астана» футбол клубы соңғы 5 жылда делдал-агенттерге футболшыларды тарту үшін 4,5 млрд теңге төлеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

Антикор өкілі Данияр Бигайдаровтың сөзінше, 2018 және 2023 жылдар аралығында футбол клубтарына бюджеттен 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Талдау шеңберінде ең қымбат футбол клубы – «Астана» ФК шығындары талданды, оған барлық қаражаттың 25%-ы (футболға арналған барлық бюджеттен) – 50,1 млрд теңге («Самұрық-Қазына» АҚ демеушілік қаражаты) тиесілі. 6 жыл ішінде (2018-2023 ж.ж.) «Астана» ФК қаражатының 66%-дан астамы, яғни 33,1 млрд теңге еңбекақы төлеуге жұмсалды. Бұл ретте жалақы мөлшері футбол клубы басшылығы мен ойыншылардың қалауы бойынша анықталды», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, агенттік төлемдер бойынша да елеулі тәуекелдерді анықтаған.

«Тек «Астана» футбол клубы соңғы 5 жылда делдал-агенттерге футболшыларды тарту үшін 4,5 млрд теңге төледі. Шетелде оқу-жаттығу жиындарына қомақты қаражат бөлінді. 2018 жылдан бастап футбол клубтары осындай алымдарға 6,4 млрд теңге жұмсады. Мысалы, «Астана» ФК осы мақсаттарға Түркия мен Дубайға жиынға шығып, 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Кәсіби клубтардың мұндай саясаты спорттық инфрақұрылымды дамытуға ресурстарды шектеді. Ең қымбат «Астана» футбол клубының өз академиясы мен футбол алаңы жоқ. Нәтижесінде клуб футбол алаңдарын жалға алуға 6 жыл ішінде шамамен 1,4 млрд теңге жұмсады», - деді ол.

Данияр Бегайдаров жеке клубтар миллиондаған сыйақы тағайындайтындығын да айтады.

«Мәселен, Ақтөбе облысында «Ақтөбе» облыстық футбол клубы» АҚ Басқарма төрағасы демеушіні тартқаны үшін өзіне 40,4 млн теңге көлемінде сыйақы төледі. Талдау нәтижелері бойынша сот тәртібімен 40,4 млн теңге өндірілді. Қазіргі уақытта бұл қаражат өңірдегі балалар футболын дамытуға бағытталатын болады. Футболды дамытуға миллиардтаған қаражат УЕФА, ФИФА және букмекерлік компаниялардан да түседі. Соңғы 6 жылда УЕФА, ФИФА желісі бойынша шамамен 31 млрд теңге түсті. Бұл ретте осы қаражатты бөлу және жұмсау жөніндегі ақпарат қолжетімсіз болып қалады. Талдау нәтижелері өз инфрақұрылымын құрудың орнына миллиардтаған долларлық бюджет қаражаты өнімсіз легионерлерді ұстауға, шетелдік алымдарға, артық төлемдерге, қымбат агенттік және өзге де қызметтерді сатып алуға жұмсалғанын көрсетті», - деді Антикор өкілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары