Бұл күнді еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлері кәсіби мереке ретінде тойлайды.
15 қараша – Ұлттық валюта күні! Еліміздің төл валютасына биыл 31 жыл болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Төл теңгенің тарихы
1990 жылдары бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, әр республика өзінің тәуелсіздігін жариялаған соң, тәуелсіз елдер бірінен соң бірі ұлттық валютасын бекітіп, айналымға енгізе бастады. Аталған тарихи оқиғадан Қазақстан да қалыс қалмады. Осылайша, 1993 жылы 12 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.
1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға шықты. Бұл күн – ұлттық валюта – теңге күні саналады.
Ұлттық валютаның айналымға енуіне байланысты ел тарихындағы мынадай үш маңызды датаны атап өтуге болады:
1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Осылайша, ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталған;
1997 жылдан бері тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаевтың жарлығымен 15 қараша – валюта күні әрі қаржыгерлер күні деп белгіленді;
1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгіcін бекітті.
Ұлттық банк - ұлттық валютаның жалғыз эмитенті
Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ұлттық валютаның Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз эмитенті.
Қазақстан Республикасының айналыстағы ақша белгілері банкноттардан және монеталардан тұрады. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының банкноттары мен монеталары ұлттық валюта – Қазақстан теңгесінің банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленеді. Банкноттар мен монеталардың бейнесі мен сипаттамалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазақстан Ұлттық банкінің айналысқа шығарған банкноттары мен тиындары олардың белгiленген құнымен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төлемдердiң барлық түрлерi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына, енгізу және ақша аудару үшiн қабылдауға мiндеттi, оларды барлық банктер және Ұлттық пошта операторы шектеусiз ұсатады және айырбастайды, - делінген Ұлттық банктің ресми сайтында.
Қазақстан Ұлттық банкінің банкноттар мен айналыстағы монеталарды сатуы, сатып алуы олардың белгіленген құны бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Ұлттық банкінің инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатуы және сатып алуы Қазақстан Ұлттық банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Теңгенің ең алғашқы көрінісі
Ең алғашқы қағаз купюралардың үлгісін суретшілер Қайролла Әбжәлелов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов мен Меңдібай Алин жасаған. Онда қазақ тарихында есімі қалған белгілі тұлғалар, еліміздің Алатау мен Көкшетау сынды табиғаттың әсем көріністері және т.б. тарихи маңызы бар оқиғалар көрініс тапқан. Естеріңізде болса, бір теңгелік банкнотта Әбу Насыр әл-Фарабидің, үш теңгеде - Сүйінбай Аронұлының, бес теңгеде - Құрманғазы Сағырбайұлының, он теңгелік банкнотта - Шоқан Уәлихановтың, жиырма теңгеде - Абай Құнанбайұлының, елу теңгеде - Әбілқайыр ханның, ал жүз теңгеде Абылайханның бейнесі болған.
Осы жылдар аралығында төл теңгенің сыртқы келбеті талай мәрте өзгертілді. Ондағы тұлғалар алынып тасталып, банкноттарда қазақтың көрнекті жерлері, тарихи жәдігерлер мен ескерткіштер көрініс таба бастады. Мәселен, 2016 жылдың 1 желтоқсанында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 10 000 теңгелік банкноталар айналымға шығарылды.
Алғашқы банкноттар Ұлыбританиядан басып шығарылды
Ең бірінші банкноттар Ұлыбританиядан жеткізілген екен. Себебі тұманды Альбион елінің Harrison&Sons фирмасында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы банкноттар басып шығарылды. Басылым ұсынған деректерге сәйкес, қағаз ақша елімізге ұшақтар арқылы жеткізіліп, сол жолы бас-аяғы 18 рейспен 8 күн ішінде жеткізілген екен. Одан бөлек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қағаз тиындар да басылып шығарылды. Олар отандық цехтарда шығарылған. Бүгінде қазақстандық теңгенің барлық түрі Алматыдағы банкнот фабрикасында жүзеге асырылады.
Алғашқы теңге сарайы – Өскеменде
Еліміздегі ең алғашқы теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының жанында ашылғанын көпшілік біле бермейді. Қазақстан тарихында қазіргі айналымдағы монеталар тұңғыш рет 1998 жылдың қараша айында еліміздің монета алаңында шығарылған. Қазіргі таңда аталған кәсіпорын Ұлттық банктің тапсырысымен, түрлі-түсті металдардан, алтын және күмістен монеталар жасап шығарумен айналысады. Мұндай монеталарға түрлі номиналдағы циркуляциялық, естелік, коллекциялық монеталар жатқызылады. Сонымен қатар теңге сарайы ұлттық наградалар мен медальдарды дайындауымен де айналысады. Осы жылдар аралығында Қазақстанның төл теңгесінің төрт серися шығарылып, алты номиналға банкноттар мен жеті номиналдағы монеталар шығарылған екен. Бүгінгі таңда республика бойынша 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелің банкноттар айналымда жүр. Ал, монеталар қатарында 5-10-20-50, 100 және 200 теңгелік монеталар айналымда бар.
Төл теңгеміз – үздіктер қатарында
Осы жылдар арасында қазақстандық теңге талай мәрте үздік банкноталар атағын алып үлгерді. Мәселен, 2011 жылдан бастап үш жыл қатарынан отандық банкноттар әлем бойынша үздік банкноттар деп танылды. Қазақстандық банкноталар төмендегідей байқауларда бас жүлдені алды: 2014 жылы түркі жазуына арналған "Күлтегін" естелік банкноты Халықаралық банкнот қауымдастығының (IBNS) нұсқасы бойынша 2013 жылдың үздік банкнотына айналды. Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) 2007 жылы номиналы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік деп таныды. 2016 жылы 20 мың теңгелік банкнот High Security Printing Europe конференциясында үздіктер қатарынан табылды. Сонымен бірге ол 2015 жылдың үздік аймақтық банкноты деп танылды. Төл теңге айналымға енгелі бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, ол тұғырлы тәуелсіздіктің, ел егемендігінің символы болып қала бермек. Жыл сайын атап өтілетін Ұлттық валюта күні – соның айғағы.