Қауіпсіз платформалар менің кауіпсіздігімді неге қамтамасыз етпейді?
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Бақытжан Базарбек «Qasqa Jol» ютуб-арнасының кезекті шығарылымында қонақта болды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутат қазіргі таңда белең алып кеткен алаяқтық туралы сөз қозғап, өзінің зейнеттегі анасы қалай біреуге несие алып бергенін айтып берді.
Анамды алаяқтар алдап кетті. Сіздің банк шотыңызды біреу бұғаттап тастады және шотыңыздан ақша алып кетуі мүмкін, сондықтан Ұлттық банктен хабарласып тұрмыз. Дереу осы номерді термесеңіз сіз қазір бар ақшаңыздан айырыласыз, деген. Енді менің шешемде бар болғаны - зейнетақы. Менімен ақылдаспай, оператордың сөзін тыңдап нөмір айтқан. Содан анамның атына несие рәсімдеп жіберген. Банкке барған, түсіндірген, болмағаннан кейін, маған айтпай екі үш ай бойы төлеген. Несие сомасы көп те емес. Бірақ соның өзінде соны зейнетақы жасындағы кісіге рәсімдеп жіберген. Анам маған сөз болмасын деп, депутаттың шешесі алаяқтарға жем болды демесін деп, мемлекеттің шаруаларын шешіп жатқан азамат өзінің анасын қорғай алмай қалды деген әңгіме болмасын деп ешкімге айтпай төлеген. Төлеп болған соң ғана: балам менде тура осындай жағдай болған, деп айтты. Бұл нағыз алаяқтықтың белең алауы сыбайлас жемқорлықтың белгісі. Себебі, біз жылдап цифрландыруға қаражат жұмсаймыз. Цифрландыру аясында әрбір адамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысамыз. Ал казір ешбір азамат ақпараттық қауіпсіз емес. Кез келген азаматтың атынан несие алуға болады. Алысқа барудың қажеті жоқ. Мәжілісте бір депутаттың атынан, оның нөмірін жазып алып, хат жазған. Депутат емес екенін біз үшінші тұлғалардан білеміз. Ол басқа депутаттан қарыз сұрауы мүмкін. Олар қоғамға, елге белгілі аты шыққан азаматтарды таңдайды, - деді депутат.
Студия қонағының сөзінше, ҰҚК мен Цифрлық даму министрлігі жұмыс істеу керек.
Енді оны қалай бұғаттаймыз? Тек қана ҰҚК, Цифрлық даму министрлігі жұмыс істеу керек. Цифрлық дамуға не үшін біз қыруар қаржы жұмсап отырмыз? Интернет кеңістігінде біздің ЖСН-іміз еркін жүр. Біз барлық саланы цифрландырамыз деп бақылай алмай қалған сияқтымыз. Адамдарға қатысты ақпарат шетелде жүр. Мемлекет казір қауіпке жауап бере алмайды. Ақша жоқ емес, бар. Цифрландыруға миллиардтаған ақша жұмсалып отыр. Цифрландыру нәтижесі қандай? Қауіпсіз платформалар менің кауіпсіздігімді неге қамтамасыз етпейді? Неге менің ЖСН-ім мен персоналды ақпаратым кеңістікте жүр? Сондықтан мен Парламент мәжілісінде нақты айттым: алаяқтарға тоқтау салу үшін Бас прокуратура банктерді тексеру керек. Банктердің оған қатысы бар. Не үшін өзі алмаған несиені төлеуі керек? Біз бюджет бекіттік қой. Дардай ақша бөлінеді. Миллион емес, миллиардтап бөлінеді. Бір мес он шақты миллиард. Қайда кетті ол ақша? Біреудің қымбат көлігіне айналды ма? Біреудің коттеджі ме? Біреудің шетелдегі қыдырысы ма? Не себепті халық ақпараттық тұрғыда өзін қауіпсіз сезіне алмайды? Тексеріс жүргізу керек, - деді ол.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, алаяқтықтың артында да жемқорлық пен жымқыру жатыр.
Барлығын тексерген кезде ғана осындай жағдайға алып келген жымқыру фактісіне келеміз. Бұл жерде жымқыру фактісі болған. Топан су болса, Құдайдың ісі емес. Орман өртенсе, Құдайдың ісі емес. Алаяқтар біреудің атынан несие рәсімдесе, бұл Құдайдың ісі емес, алаяқтардың да ісі емес. Әскери складттар жарылса, бұл Құдайдың ісі емес. Мектеп құласа, бұл Құдайдың ісі емес. Жер сілкініп үй құласа, үйдің астында адам қалса бұл да Құдайдың ісі емес. Салғырттық, бұл - жемқорлық. Яғни, ақшаны жеу, барлық алдын алу шараларына бөлінген ақшаны жеу, - дейді депутат.
Сұхбаттың толық нұсқасын көру үшін сілтемеден өтіңіз: “Нығматуллин кезінде мәжіліс нотариалды контора болды” - Бақытжан Базарбек