$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанның бір уақыт белдеуіне көшуінің пайдасы мен зияны қандай?

Ел тұрғындары бұл жағдайда қайта қарауын сұрап, петиция жариялады.

Фото: ia.center-ru
Фото: ia.center-ru

Бір белдеу, бір сағат. 2023 жылдың қараша айында елімізді біртұтас уақыт белдеуіне көшіру шешімі қабылданды. 2024 жылғы1 наурыз сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында уақыт бір сағат артқа жылжып, халық әбігерге түсті. Мұны кейбірі қолдады, кейбірі тіпті наразы болды. Осыған орай «уақыт белдеуінің өзгеріске ұшырауы адам ағзасына әсер ете ме?!» деген сұрақ туындайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстан халқы бүгінде UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуінде өмір сүруде. Еліміздің көп бөлігі, батыс аймақтарын қоспағанда, UTC+6 аумағында орналасқан. Яғни, бүгінде Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің бірқатар аймағының уақыты табиғи уақыттан 1 сағат алда келеді.

Қазақстанды бір уақыт белдеуіне ауыстыру мәселесі ең алғаш 2020 жылы ұсынылды. Әрі қарай пандемия басталып, 2023 жылы ғана бұл мәселе қайта күн тәртібіне қойылды. Нәтижесінде 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де бірқатар өңірде жергілікті уақыт 1 сағат артқа жылжитын болды.

Бұл шешімді естіген бұқара халық болашаққа алаңдаушылық білдіріп, өзгерістердің денсаулыққа пайдасы мен зиянын зерттей бастады.

Бүгінде ғалымдар уақыт өзгерісінің адам ағзасына әсерін алға тартып, салдарынан түрлі ауру-сырқаулар пайда болатынын жарыса айтуда. Диабет, артық салмақ, қатерлі ісік және өзге де ем-домды талап ететін сырқаттар – соның бір дәлелі. Бұл синдром көпшілікке десинхрония немесе десинхроноз деген атауларымен таныс. Десинхроноз белгілеріне шаршау, көңіл күйдің бұзылуы, физикалық жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, ұйқысыздық сияқты симптомдарды жатқызуға болады. Созылмалы десинхроноз кезінде невроз секілді аурулар да асқынуы ықтимал. Шетелде бұл синдром jet lag деген атаумен таралып кеткен. Джетлаг уақыт белдеуінің ауысуына байланысты күндізгі ритм мен адам ритмінің сәйкес келмеуін білдіреді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Ермек Тоқбергенов осы тақырып аясында пікір білдірді. Оның айтуынша, уақыт белдеуінің өзгерісі айтарлықтай денсаулықта кінарат тудырмайды.

"Уақыт небәрі 1 сағатқа шегеріледі. Бұл көп емес. Дені сау адамдар мұндай өзгерісті мүлдем сезбей қалуы мүмкін. Екі, әрі кетсе үш күнге ғана созылған бейімделу мерзімі болады. Бұған дейін батыс өңірлерге барып, сағат тілін артқа шегергенде ыңғайсыздық сезінбеген боларсыздар. Сол тәрізді бұл жолы да ауыз толтырып айтарлық қиындықтар туады деп ойламаймын, - деді департамент директоры.

Уақыттың өзгеруі бүлдіршіндерге, мектеп жасындағы балаларға, психикалық ауытқулары бар науқастарға, қарт кісілерге ғана әсер ету ықтималдығы жоғары.

"Осы сәтте барлық мектепке дейінгі білім беру орталықтарындағы, мектептегі тәрбиешілер мен мұғалімдерден балалардың іс-әрекетіне, көңіл күйіне түсіністікпен қарауды сұраймын", - деп қорытты Ермек Тоқбергенов.

Сондай-ақ, хронобиология маманы Болат Нұрхожаев уақытты жылжытудың қандай пайдасы бар екенін түсіндіріп берді.

«Өте дұрыс шешім. Мысалы, Ресей 2014 жылға дейін уақыт өлшемінің барлық тәжірибесін «жазғы» уақыт, үнемі «жазғы» уақыт, үнемі екі еселеген «жазғы» уақыт өлшемінің бәрін қолданып барып, ақыры ғалымдардың ықпалымен 2014 жылы «жазғы» уақыттан да, декреттік уақыт қолданудан да ресми бас тартты, кейбір облыстар стандарттық уақытқа өту үшін уақытын бірден 2 сағат артқа жылжытты.

2020 жылғы 27-желтоқсанда Волгоград облысы сағатын 1 сағат кейін шегеріп, өз белдеулік уақытына оралды. Сондықтан қазір Волгоград (МСК, UTC+3) облысымен шекаралас БҚО (UTC+5) арасында екі сағат айырмашылық пайда болды. Мысалы, БҚО Жәнібек ауданы орталығында қыста ҚР қазіргі қолданыстағы UTC+5 әкімшілік уақытымен Күн 9:40-та атса, одан бар-жоғы 4 км жердегі Ресей, Волгоград облысы, Вищневкада Күн стандарттық UTC+3 уақытымен 7:40 атады. Ал жұмыс, оқу уақыты екеуінде де 8:00, яғни Жәнібекте оқушылар Күн атуынан 2 сағат 40 минут бұрын сабақта отырса, Вищневкада балалар Күн атқан соң 20 минуттан соң сабақта отырады. Біздің уақыттан шатасуымыздың айқын дәлелі – осы», - деді ол.

Алайда уақыт белдеуіндегі өзгерістерге Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары наразы. Олардың айтуынша,  жазды күндері таң түнгі 2-00 шамасында атса, қыста кеш 15-00-ден кейін батады. Сонымен қатар Астана тұрғындары әкім Жеңіс Қасымбекпен кездесу кезінде де осы мәселені көтерген болатын.

Үкіметтің бұрынғы уақыт белдеуін қайтармайтынын түсінген астаналықтар әкімнен тым болмаса жұмыс кестесін бір сағатқа шегеруін сұрады. 

“Бұрынғы уақыт белдеуін кері қайтара алмаймыз. Бірақ әкім ретінде жұмыс кестесін бір сағатқа ауыстыра аласыз ба? Балалар кеш келеді, кешкі 17:00-де қараңғы түседі. Сондықтан жұмыс уақыты ертерек басталса”, – деп өтініш жасады елорда тұрғындары.

Қала әкімі бұл мәселені көп болып ақылдасу керегін айтты.

“Мұны адамдармен талқылау керек. Сіздердің бұл ұсыныстарыңыз біреуге ұнамауы мүмкін. Мен оған сенімдімін. Бәріне ұнайтын шешім қабылдау мүмкін емес”, – деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары