Мұнда біздегідей құдалық, қалың мал, дүркіретіп үлкен той жасау деген жоқ.
Черногориялық жігітке тұрмысқа шыққан 21 жастағы қазақстандық ару желіде шетелдегі өмірін көрсетіп танылды. Алматылық Алянұр Құрғанбекова Велимир есімді азаматқа тұрмысқа шығарда толқығанын жасырмайды. Алайда кейін жұбайы мен черногорлықтардың ерекше қамқорлығына бөленген. Айтуынша, бұл жақта отбасылық өмірде келіндік міндет пен қатаң салт мүлде жоқ. Ал жұбайы жүкті екенін білгенде акушерлік, гинекология курсын оқып, әйелін қолдауға дайындалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Алянұр мен Велимир Алматы қаласында танысқан. Арудың айтуынша екеуі бір компанияда жұмыс істегендіктен басында тек әріптестік, достық қатынаста болған. Тіпті черногорлық жігіт сезімін білдіреді деп ойламаған екен.
“Велимир 27 жаста. Ол Черногориядағы Бар қаласында туып-өскен. Қазақстандағы Алматы энергетика және байланыс университетінен білім алған. Біз 2 жылдай таныс болып жүрдік. Кейін алғаш сезімін білдірген кезде таңғалғаным рас. Себебі тек достық қарым-қатынас болғандықтан мені ұнатады деп ойламаппын.
Сезімін білдіргеннен кейін оған қарым-қатынас орнатудың мен үшін өте жауапты әрі маңызды қадам екенін ашық айттым. Өміріме деген алдағы жоспарларыммен бөлісіп, жай ойнап-күліп уақыт өткізетін адам емес екенімді түсіндірдім. Әрине, қатты толқыдым. Себебі бұл мен үшін өмірімнің жаңа сатысы болды. Одан бөлек, Велимир басқа елдің азаматы болғандықтан оның отбасы да жырақта тұрады. Жыл сайын мамыр айынан күзге дейін ол өз отбасына Черногорияға кететін. Оның осылай ұзақ уақытқа кетуі қарым-қатынасымызға әсер ете ме деп алаңдадым. Сол себептен бәрін өзіне ашық айтып, талқылап алдық.”, – деді ол.
Фото: Алянұр Құрғанбекованың (Масоничич) жеке архиві
“Черногорияда қалың мал, құдалық пен үлкен той жоқ”
Алиянұр Черногорияда некелесудің бізден басқаша екенін де қоса кетті. Айтуынша мұнда қалың мал мен шашылып көп адам шақырып, үлкен той жасалмайды.
“Біз отау құрғымыз келетінін хабарлағаннан кейін бірінші атастыру рәсімі өтті. Мұнда тойға келетіндер саны бізге қарағанда азырақ. Біздің атастыруымызға 30-40 адамдай келді. Бұл тек күйеуімнің туыстары. Өкінішке орай менің отбасым бұл рәсімге келе алмады. Себебі бәрі аяқ астынан жылдам болды. Мамыр айында ол маған сөз салды, сол айда атастыру рәсімін жасадық. Бұл да салтанатты түрде 30-40 адамға арналған кішігірім той болды. Ал кейін шілде айында біз некемізге қол қойып тіркедік.
Мұнда біздегідей құдалық, қалың мал, дүркіретіп үлкен той жасау деген жоқ. Әрине бұл жақта да тойлағанды жақсы көреді. Алайда олар қыз жақ пен ұл жақтағы кішігірім тоймен шектеледі. Алайда біздегідей екі жақтың бір-біріне сыйлық, ақша беруі жоқ. Сыйлықты тек куәгерлер мен неке қиған екі жасқа береді”, – деді ол.
Алматылық ару мұнда да келіндік өмірінде қонақ күтуде айырмашылықтар бар екенін тілге тиек етті. Мәселен мұнда қонақтарға біздегідей шәй емес, кофе ұсынылады екен.
“Қонақ қабылдаулары да басында маған қызық көрінді. Себебі әр келген қонаққа бөлек кофе қайнатып ұсыну керек. Алдымен үлкендерге, орта жастағыларға кейін әйелдерге бөлек-бөлек қайнатылады. Барша қонақтардың кімнің қандай кофе ішетінін шатастырмай жаттап алуың қажет. Маған осыны үйренуге тура келді. Бізде тек бір шәйнек қайнатып шәй беріп үйреніп қалғанбыз ғой. Одан бөлек, мұнда қонақтарға шұжық өнімдері, ірімшік сияқты тұзды тағамдар ұсынылады. ”, – деді ол.
Фото: Алянұр Құрғанбекованың (Масоничич) жеке архиві
“Таңмен тұру, шәй қою, сәлем салу деген жоқ: Келінге еркіндік көп”
Алматылық ару Черногорияда келіндерге үлкен сыйластықпен қарайтынын алға тартты. Әсіресе олардың салт-дәстүрлерін сыйлайтындар мен отбасылық жылы ортаны ұстап тұра алатындарды қатты құрметтейді екен.
“Мұнда қамқорлық пен күйеуіңнің отбасына түсіністікпен қарау өте маңызды. Себебі отбасылық байланыс пен құндылықтар қатты бағаланады. Одан бөлек, біз күйеуіміз екеуміздің арамызда бір-біріміздің мәдениетімізге деген құрмет бар.
Қазақстанда келінге дәстүрді сақтау, отбасындағы жауапкершілік сияқты жүк артылса, мұнда келіндерде еркіндік көп. Түрлі әдеп-ғұрыптарды қатаң сақтау талап етілмейді. Қазақстанда келін мен оның түскен отбасындағы қарым-қатынас көбіне сыйластық пен талаптарды сақтаумен көрініс табады. Ал мұнда келін мен ата-ене қарым-қатынасы достық бағытында құрылады және қатал емес. Мұнда таңмен тұру, шәй қою, сәлем салу деген жоқ. Мәселен күйеуімнің анасы бәрінен бұрын оянып бәрімізге кофе дайындау мүмкін”, – деп қосты ол.
“Күйеуім мен үшін акушерлік, гинекологиялық курстан өтті”
Алиянұр желіде жұбайының гинеколог екенін жазып, алғаш таныстықтары оның қабылдауынан кейін басталғанын баяндаған еді. Жұртшылық мұны желіде қызу талқылап, таласа пікір қалдырды.
“Күйеуім гиниколог емес! Ол жүкті екенім белгілі болғаннан кейін ғана акушерлік, гинекологиялық курстан өтті. Боснар кезде жанымда болып, барынша көмектесу үшін курсқа барды. Ол медициналық білім алмаған, тек маған жүктілігім кезінде қолдау жасау үшін курс оқыды. Күйеуімнің мамандығы инжинер”, – деп түсіндірді ол.