19.11.2024, 21:30

«Жанын шығарамын, таяқ жейді»: «Өзенмұнайгаз» басшысы ереуілге шыққан жұмысшыны қорқытқан (ВИДЕО)

Фото: Stan.kz

Біреуің де араласпаңдар. Қазір мұның осы жерде жанын шығарамын.

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Жанболат Амангелдіұлы Саймағанбетовтің барлық ереуілшілердің көзінше жұмысшыны қорқытқан. Оның сол сәттегі видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеода компания басшысы Жанболат Амангелдіұлы Саймағанбетовтің шеруге жиналғандардың алдына шығып, сол жердегі қызметкерлердің біріне балағат сөз айтқаны естіледі. Ол жұмысшыны жеке шығып сөйлесуге шақырып, сес көрсеткен.

«Жігіттер, қазір бұл жерге «Өзенмұнайгаздың» директоры ретінде емес, Жаңаөзеннің тұрғыны ретінде алдарыңа келіп тұрмын. Сенің басың айналды ма, не болды? Екеуміз қазір қарапайым жұмысшы ретінде сөйлесеміз. Біреуің де араласпаңдар. Қазір мұның осы жерде жанын шығарамын, .…таяқ жейді. Жігіттер, кімнің артынан еріп жүргендеріңді тыңдаңдар. Бұл өткенде келіп менен ақша сұрады. Бірде былай, бірде басқаша сөйлеп, құбылып жатыр. Менің барлық дәлелім бар. Сені соттайды, білесің бе? Мұнымен қоймай бастығынан келіп ақша сұрайды. Өткенде үйде 20 күн жатқанда күртеше сұрадың. Басқа жаққа барып жағынасың, мұнда келіп басқа нәрсе айтып тұрсың. Тексеріп кел деген нәрсені дұрыс түсінбей, керек емес дүниені басыңа іліп аласың», – деп сөйледі компания басшысы.