21.11.2024, 04:30

«Еш өкінбеймін»: Қазақстандық депутат Ислам дінін қабылдап, алғаш рет ораза ұстаған

Фото: parlam.kz

Исламды қабылдағанда дінді бар жан-тәніммен қабылдадым.

ҚР Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева алғаш рет сыр ақтара келе, баласы туралы және күйеуі бар екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Халық қалаулысының жолдасы кәсіпкер, Қазақстан Ассамблеяның белсенді мүшесі екен.

«Біз күйеуіміз екеуміз екі қалада өмір сүріп жатырмыз. Ол Маңғыстауда кәсіподақта, мен осындамын. Ассамблеяның белсенді мүшесі. Еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүр. Баламыз 19 жаста, 3 апта бұрын әскерге аттанды. Әрине, баламызды уайымдап отырмыз. Дегенмен бұл шешім отаншылдық ұстанымға байланысты. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз керек. Қазіргі жастарды әскердің абыройын арттыру үшін Отан алдындағы борышын өтеуге жіберуіміз керек. Себебі әскер кез келген баладан ер-жігітті тәрбиелеп шығаратын қоғамдық институт. Адамгершілік, гуманистік қасиет қалыптастырады. Қазір 1 жылға әскери борышты өтеуге барады. Бұл тіпті аз. Бұрын 2 жылға кететін еді. Осы бір жылдың ішінде достық пен ата-анаға, өмірдің мәніне басқаша қарай бастайды. Қарапайым, бірақ адамға керек қасиеттерді қалыптастырады», - дейді Дементьева.

Сондай-ақ, депутат жігіттерді мектеп бітірген соң әскерге жіберу керек деген мәселені заңнамалық түрде қараса, қолдайтынын айтты.

«Мектеп бітірген соң баланы әскерге жіберу керек деп ойлаймын. Осылайша, шекарамыз да шегендеулі болады. Мен ислам дінін қабылдадым. Бұл шешімімді ешкімге айтқан да жоқпын. Өзімді дінді қатты ұстанатын мұсылманмын деп айта алмаймын. Оған дейін христиандықты да қатты ұстанбадым. Қазір дінге басқаша қараймын. Исламды қабылдағанда дінді бар жан-тәніммен қабылдадым. Екі жыл бойы өкінемін бе, жоқ па деп ойландым. Кейін 25 жыл бойы Ислам дініне жақын болғаныма өкінетініміне көзім жетті. Мұсылмандармен көп араластым, қазақ тілін меңгеру кезінде де бірге жүрдім. Осылайша, мұсылмандардың жан-дүниесі, Құран қызықтыра бастады. Исламды қабылдағаныма өкінбеймін. Сүрелерді жаттап жүремін. Биыл бірінші рет Ораза ұстадым. Әрине, бастапқыда қиын болды. Үш күннен кейін үйреніп кеттім. Адамның тәнін ғана емес, жанын да тазартатын қасиетті күндер болды»,- дейді Наталья Дементьева.