Біресе адвокаты қалада емес, біресе өзі «қатты ауырып жатыр-мыс».
Қазақстанда танымал композитор Қалдыбек Құрманәлінің қызы боксшы Жанқош Тұраровтың үстінен зорлау ісі бойынша арыз түсірген еді. Қазан айында қылмыс құрамы болмағандықтан, Жанқош Тұраровқа қатысты іс тоқтағаны хабарланған. Дегенмен, бұл жолы арызданушы қыздың адвокаты Ләззат Ахатованың айтуынша, тергеу органдары істі қатты зерттеп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ләззат Ахатованың айтуынша, іс бойынша жаңа тергеуші тағайындалған. Осы істі қарайтын бөлімшенің басшысы да жаңадан келген көрінеді.
«Әнарудың ісіне келсек, тергеу органы жанын салып, істі жан-жақты зерттеп жатыр. Тергеуші де, полиция бөлімінің басшысы да жаңадан тағайындалған. Алайда Жанқош Тұраров кімге сеніп жатқанын білмейміз, күнде қырық сылтау айтып, шақырғанға келмейді. Біресе адвокаты қалада емес, біресе өзі «қатты ауырып жатыр-мыс». Әйелі айтқандай, «аппақ» болса, келіп, өз уәждерін айтып, дәлелдерін ұсынбай ма? Оны мәжбүрлі түрде алдырту туралы талап қойдық», - деп жазды Ахатова желідегі парақшасында.