21.11.2024, 22:30

Қолайсыз ауа райына байланысты үш өңірде жол жабылады

Фото: pixabay

Дауылды ескерту жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар!

Ауа райының нашарлауына байланысты тағы үш өңірде, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында көлік қозғалысына шектеу қойылады, деп  Skifnews.kz ақпарат порталы «ҚазАвтоЖол» ҰК басапасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30–да ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1353-1426 шақырым аралығында (Ақмола облысының шекарасынан Теміртау төлемақы алу пунктіне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Сонымен қатар, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30–да Қарағанды облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1291-1353 шақырым аралығында (Жібек Жолы төламқы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолдарды 2024 жылғы 22 қараша сағат 08:00–де ашу жоспарланған, — делінген хабарламада. 

Бұдан бөлек, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 18:00–де ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1426-1457 шақырым аралығында (Теміртау төлемақы алу пунктінен Қарағанды қаласына дейін) жүк және жолаушылар көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолды 2024 жылғы 22 қараша сағат 07:00–де ашу жоспарланған.

 «Қазгидромет» болжамдарына сәйкес ауа райы жағдайларының нашарлауына байланысты (көрінудің шектелуі, үстіңгі қар, бұрқасын, көктайғақ), автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды және республикалық маңызы бар а/ж 10 учаскесінде (Ақмола, Қарағанды) жүк және қоғамдық автокөлік үшін қозғалыс шектелді. Павлодар облысында жабу жоспарлануда, — делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада.

ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. 

Дауылды ескерту жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар. Ауа райы жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаңыздар, — деп ескертті ведомство.