22.11.2024, 18:20

«Мазақ қой»: Атырауда әкімдік баспанаға мұқтаж анаға адам тұрмайтын пәтер сыйлаған (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/rustembayaziev

Қай бетімен мынаны үй деп беріп отыр? Өздері осындай үйде тұрар ма еді?

Үй кезегінде тұрған ерекше балалардың анасына Атырау қаласының әкімдігі әбден тозығы жеткен, тұруға жарамсыз күйдегі үйді уақытша паналауға ұсынған. Пәтердің видеосын көрген желі қолданушылары наразылық білдірді, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бейнежазба атыраулық белсенді Рүстем Баязиевтің парақшасында пайда болды. Оның айтуынша, Атырау қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мекемесі ерекше балалары бар анаға уақытша пәтер берген. Бірақ пәтердің жағдайы ешқандай талапқа сай емес: пәтердің қабырғалары жарылып, едені шіріп кеткені, ескі екені байқалады. Видео әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды. Желі қолданушылары әкімдіктің бұл ісін сынға алды.

 "Қай бетімен мынаны үй деп беріп отыр? Өздері осындай үйде тұрар ма еді?", "Өздерің балалармен тұрып қараңдаршы бұл үйде", "КСРО кезінен жөндеу көрмеген үй", "Берген адамдардың өздерін тұрғызып қоятын бұл үйге", "Мынау мазақ қой", - деп пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушылары.

Бұл жағдайға қатысты Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы пікір білдірді. Әкімдік өкілінің сөзінше, бұл пәтер өтініш білдірген анаға уақытша тұруға ұсынылған, бірақ онда әлі ешкім тұрмайды.

"Атырау қаласы Владимирский көшесі №99үй, 14 пәтер мекенжайында қазіргі уақытта ешкім тұрмайды. Бұл пәтер "Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы" бөліміне өтінішпен келген анаға уақытша тұру үшін ұсынылған болатын. Өтініш иесі, кезегі келмегендіктен және үй жалдауға қаражатының жетпейтінін айтып, уақытша тұратын орын іздеген. Ұсынылған мекенжайды визуалды түрде қарап шыққаннан кейін, өтініш иесі бұл пәтер бойынша өз шешімін қабылдайтын болады", - деп жауап берді әкімдік.