26.11.2024, 12:40

Тасқыннан пайда таппақ болған тағы бір шенеунік жазаланды

Фото: sakhara.kz

Ақшаға құныққан шенеунік Ойылдың оңтүстік бөліміне электр сым тартатын мердігерден 500 мың алған.

Ақтөбе облысында тасқында пайда таппақ болған шенеунік жазаланды. Ойылдың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жолына жауапты басшы мердігерлерден пара алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Көктемде Ойыл ауданында жүздеген үй қирап, жолдар мен көпірлерді су шайған еді. Шаңырағынан айырылғандар қайда барарын білмей қиналды.

Ал бөлім басшысы Айнат Қазмағанбетов бас пайдасын ойлаған. Ол тасқыннан келген шығынды есептейтін бағалаушы компания басшыларынан пара алған. Алдымен екі жақты келісімшарт толтырып, 100 мың теңге сұраған.

Ақшаға құныққан шенеунік Ойылдың оңтүстік бөліміне электр сым тартатын мердігерден 500 мың алған. Сотта бұрынғы шенеунік кінәсін бірден мойындады. Сол үшін судья айыппұлмен шектеуді жөн көрген. Сондай-ақ пара берген компания басшысы да жазасыз қалмады - он миллион теңге айыппұл төлейді. Бөлім басшысының айыппұлы одан 11 миллион теңгеге артық.

"Сот үкімімен сотталушы К. ҚР ҚК 66-бабының 3-бөлігімен 1-4 тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған параның 35 еселенген сомасында, яғни 21 миллион теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды", - дейді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің бас маманы Жансая Тайырова. 

Еске салайық, биыл наурыз бен маусым аралығында бірнеше өңірде су тасқыны болды. Қазақстанның су басқан 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат.

Бұған дейін Ақтөбе облысында тасқын кезінде бұзылған бөгетке қатысты мердігердің үстінен іс қозғалды. Әйтеке би ауданының Талдысай ауылында орналасқан бұл нысан ағын судың екпініне шыдас бермеген. "СК Гранд каналы" ӨК мекемесіне қылмыстық кодекстің "салғырттық" бабы бойынша іс қозғалды.