27.11.2024, 12:00

«Менің атымнан бес банк арқылы 7 несие алған»: Алаяқтардың құрбаны болған тұрғын құзырлы органдарға шүйлікті (ВИДЕО)

Фото: видеодан кадр

Мәселеге немқұрайлы қарағанның кесірінен мен осындай жағдайға тап болып отырмын.

Алаяқтық мәселесі бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Осындай жағдайға тап болған ашулы тұрғындар құзырлы органдардан өздерінің мәселесін шешіп беруін сұрайды, - деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы депутат Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Біз бұл елдің тұрғынымыз. Біздің мәселемізді шешіп беріңіздер. Менің жасым 60-та. Бес банк алаяқтық жолмен менің атыма 7 несие рәсімдеп жіберген. Алаяқтар мен арқылы банкті тонап отыр. Мәселеге немқұрайлы қарағанның кесірінен мен осындай жағдайға тап болып отырмын. Статистикаға сүйенсек, алаяқтар 100 адам арқылы 100 млрд теңге ұрлаған. Бұл жерде банктердің де қатысы бар. Мемлекеттік органдардың өзі банк қызметкерлерінің халықтың жеке деректерін тарататынын мойындайды. Сондықтын мұны барлығымыз жабылып тоқтатуымыз керек. Өйткені бұл мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Бұл шұңқырға кез келгеніміз түсуіміз әбден мүмкін. Сол үшін Цифрлы даму министрлігі, Бас прокуратура, Мәдина Әбілқасымова тағы кім бар? Осы жайтқа назар аударсын!", - дейді тұрғын. 

Алаяқтардың кесірінен өзі алмаған несиені төлеп отырған тұрғын бұл жағдайға банктердің де қатысы барын айтты. 

"Осыдан екі ай бұрын HalykBank және HomeBank қызметіне жүгіндім. Сол кезде бұл банктер маған несие беруден бас тартты. Артынша алаяқтар екі ай өткен соң осы банктерден менің атымнан оп-оңай несие алған. Өйткені банкте менің жеке дерегім сақтаулы. Біздің жеке деректерімізді қорғай алмайтын болсаңыздар, онлайн несиеге тоқтау салыңыздар. Мемлекет мұның бәріне заң жүзінде кіріспесе, мұндай алаяқтар өз жұмысын жалғастыра береді. Банктік системада ешқандай бақылау жоқ", - деді ол.