Күйеу жігіт болса, өз әрекетін кісі өлтіру емес, жай ғана қарапайым апат деп санайды.
Ұлытау облысында ер адам той қарсаңында қолдан жол апатын жасап қалыңдығын өлтірді. Бұған дейін күйеу жігітінің ұрып соққанын айтып, жақындарынан көмек сұраған ару одан қашып үлгермеді. Сол күні ер адам қалыңдығы мен оның отбасы мінген көліктің артынан қуып барып, олардың көлігін бірнеше рет әдейілеп соққан. Салдарынан бойжеткеннің інісі мен анасы ауруханаға түсіп, өзі қаза тапты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы “Патриот” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Қаражал қаласында болды. Ер адам қалыңдығын жүйелі түрде ұрып келген. Неке тіркелгенге дейін олар бірге тұрған.
Қайғылы жағдайдан бұрын қыз көршілерінен ата-анасына қоңырау шалып, оны алып кетуді өтінген. Себебі өзінің телефонын анасына қоңырау шалып, шағымданбауы үшін күйеу жігіті тартып алған.
Қыздың анасы сол күні қызымен сөйлескен соңғы әңгімесін есіне алды. Ол анасына күйеу жігіттің оны өлтіремін деп қорқытқанын айтқан.
"Ол қызыма “менен кетпейсің, кетсең тек мәйітің кетеді. Ал егер көмекке анаңды шақырсаң, бұл жерден екі мәйіт шығады. Сенің және анаңның” деп айтқан”, – деді анасы.
Әйел болашақ күйеу баласының агрессиясынан қатты шошыған. Кейін ол қызын Қарағандыға алып кетуге шешім қабылдаған. Алайда Қаражалдан Қарағандыға қарай кетіп бара жатқан жолда мас күйеу жігіт арттарынан қуған. Оларды тоқтатып, көліктің алдыңғы терезесі мен бүйір терезесін темірмен ұрып сындырған.
Алдыңғы әйнегі мен бүйір әйнегі сынса да, рөлде отырған қалыңдықтың інісінің досы бұрылып, Қаражалға қайта оралуды шешкен. Олар полицияға бармақ болған. Ал агрессивті ер адам көлігіне отырып, оларды қуып жеткен. Ол көліктің артқы бампері мен артқы сол қанатына бірнеше рет соққы жасайды. Нәтижесінде көлік жолдан шығып, аударылды. 28 жастағы Арайлым қаза тапты. Оның анасы, 23 жастағы інісі мен екі досы зардап шекті.
Күйеу жігіт болса, өз әрекетін кісі өлтіру емес, жай ғана қарапайым апат деп санайды. Бірақ лак-бояу сараптамасының қорытындылары бойынша күдіктінің көлігінің бамперге және жәбірленушілердің көлігінің сол қанатына тікелей механикалық әсері болғанын көрсетті.
Оған "жол ережесін бұзу, кісі өлтіруге оқталу” бойынша айып тағылды. Дегенмен ер адам өзіне тағылған айып пен шыққан үкімге қарсы болып аппеляциялық шағым берді.
“Ұлытау облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы үкімді қатаңдатты. Дегенмен ер адам үкімді жеңілдетуді сұрады. Ол қылмысты "кісі өлтіру" және "екі немесе одан да көп адам өміріне қастандық жасау" бабын – "абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу" 345-бабына қайта саралауды сұрады. Бірақ сот алқасы Қылмыстық кодекстің бабын өзгертуден бас тартып қана қоймай, тіпті үкімді қатаңдатты. Ол енді 12 жылдың орнына ең жоғары қауіпсіздік колониясында 16 жыл отырады”, – делінген хабарламада.