29.11.2024, 17:40

«Өтірік айтпау – өмірлік ұстанымы болды»: Амангелді Сейітханның ұлы әкесі туралы естелік айтты

Фото: instagram.com/sportministri

«Қазақ тілінің қоғамдағы орны биік болғанын армандайтын. Бізге қазақша сөйлеңдер деп айтып отыратын», – дейді ұлы.

Белгілі журналист Амангелді Сейтханның ұлы Бегасыл Сейітхан әкесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, Амангелді Сейтхан адалдық пен жауапкершілікті өмірінің басты қағидасы етіп ұстанған, деп Skifnews.kz ақпарат порталы «Sportministri» Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Адам өзін тәртіпке бағындыра алуы керек. Таңғы жетіге оятқыш қойдың ба, жетіде тұр. Кез-келген жерге айтқан уақытыңда бар, ешкімнің уақытын алма деп айтатын. Көлікте отырғанда радиодан ертегілерді қосып, кейін мазмұнын сұрайтын. Осылайша бізді ертегі мен кітап оқуға баулыды»,– деп еске алады ұлы.

Амангелді Сейтханның шығармашылық пен рухани байлығына деген сүйіспеншілігі ерекше болған. Қиын сәттерде ол жауаптарды Абайдың қара сөздері мен шығармаларынан іздеген. Сонымен қатар, айтысты ерекше ықыласпен тыңдап, қазақ тілінің қоғамдағы орнын жоғары бағалаған.

«Қазақ тілінің қоғамдағы орны биік болғанын армандайтын. Бізге қазақша сөйлеңдер деп айтып отыратын», – дейді ұлы.

Отбасында әкесінің сөзі бұлжымас заңға айналған.

«Әкемнің әр шешімі бізге заң болатын. Ең бірінші кезекте адамда жауапкершілік болуы керек деп есептейтін. Бір тапсырма берсе, оған үлкен жауапкершілікпен қарап, бастаған істі соңына дейін жеткіз дейтін», – деді естелігінде.