Ата-анасының айтуынша, бұған дейін баласы көрші ауылдағы туыстарына жаяулатып жиі барып жүрген.
Ақмола облысы Біржан сал ауданының із-түзсіз жоғалып кеткен 24 жастағы тұрғынына қатысты екі аптадан астам уақыт іздеу жұмыстары жүргізілді. Ер адамның мәйіті жазық даладан табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 жастағы мүгедек жігіттің жоғалғаны туралы хабар полицияға 19 қараша күні түскен. Кейін ол 14 қарашада жоғалғаны мәлім болды. Осы аралықта жігіттің туыстары оны өз күшімен табуға тырысқан.
Ата-анасының айтуынша, бұған дейін баласы көрші ауылдағы туыстарына жаяулатып жиі барып жүрген. Бірақ бұл жолы туыстарына жете алмады.
«Дереу іздестіру шаралары ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері, еріктілер мен жанашыр азаматтардан арнайы топтар құрылды. Іздестіру топтары орманды әрі далалы алқаптарды, жақын маңдағы елді мекендерді аралап шықты. Аумақты кеңірек қамту үшін дрондар мен қызметтік көліктер пайдаланылды», - делінген полиция департаменті мәліметінде.
30 қарашада полицейлер жоғалған адамның денесін жазық даладан тапты. Алдын ала себеп ретінде аталған ер адам үсіп өлуі мүмкін екені айтылып отыр. Нақты себебі сараптамадан кейін белгілі болады.
Бұл тұрғыда полицейлер қыс мезгілінде жазатайым оқиғалар мен үсік шалуға жол бермес үшін хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге қатысты алғашқы күні хабарлауға шақырды.