Екі оқиғада да зардап шеккен адам мен күдікті бір демалыс аймағында жұмыс істейтіні айтылды.
Жамбыл облысының полицейлері әлеуметтік желіде жас қыздың адам қолынан қаза тапқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, Жуалы ауданы Берікқара шатқалында ер адамды өлтіру дерегі тіркелген, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы күндері әлеуметтік желіде ұқсас екі жаңалық тарады. Біреулер Берікқара шатқалында пышақ жарақатынан қаза тапқан ер адам табылды десе, тағы басқалары ер адам мас күйінде жанжалдасып, жас қызды өлтірді деп хабарлады. Екі оқиғада да зардап шеккен адам мен күдікті бір демалыс аймағында жұмыс істейтіні айтылды.
Жамбыл облысының баспасөз қызметі 26 жастағы ер адамның денесі табылғанын растады. Алайда қыздың өлімі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Қазір осы дерекке қатысты ҚР ҚК 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сәйкес, күдікті ұсталды. Тиісті тергеу амалдары басталып кетті. Қылмыстық істің мән-жайы анықталатын болады.