$ 516.93  542.52  4.98

Астында оқушылар қалған: Петропавлда төрт жыл бұрын салынған мектептің төбесі опырылып түсті

Облыс әкімдігі арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.

Фото: om6.edu.kz
Фото: om6.edu.kz

Петропавлда төрт жыл бұрын салынған орта мектептің төбесі құлап, бірнеше оқушы жарақат алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.

Жедел жәрдем станциясына 4 желтоқсан күні сағат 17:39-да №6 орта мектепте оқыс оқиға болғаны туралы қоңырау түскен. 

12 және 13 жастағы үш бала санитарлық авиациясы арқылы облыстық ауруханаға балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір медициналық тексерістен өтіп жатыр. Жағдайлары тұрақты. Олар бүгін түнде дәрігерлердің бақылауында болады, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлау.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі төбедегі үлкен сылақтың опырылып түскенін алға тартты.

4 желтоқсан күні сағат 17:20-да Петропавл қаласындағы №6 Қожаберген жырау атындағы орта мектептің сынып бөлмесінде екі шаршы метр аумақта төбенің сылағы опырылып кеткен. Салдарынан үш бала зардап шекті, олар облыстық балалар ауруханасына бақылауға алынды, – деді ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.

Сондай-ақ облыс әкімдігі арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.

Комиссияның құрамына төтенше жағдайлар департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызмет, білім, құрылыс басқармалары, ата-аналар және басқа да мүдделі тұлғалардың өкілдері кіретін болады, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, "Жас Өркен" шағын ауданында 900 орындық бұл мектеп 2020 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары