05.12.2024, 13:40

«Еш өкпем жоқ»: 25 жылдан бері қайыршы болып жүрген ер адам өмірінің қиын кезеңдері жайлы айтты

Фото: Sakhara.kz

Құлдықта болған кезім де болды.

Алматыда тіленші болып күнелтіп жүрген Амангелді есімді азамат мұндай жағдайға қалай түскенін әңгімелеп берді. Өскемен өңірінің тумасы жастайынан түрлі қара жұмыстарда істеген. Қазір Алматы қаласындағы Орталық мешіттің жанында тіленші болып, күнелтіп жүр. 25 жыл бойы садақа сұрап жүрген ол өмірінің қиын кезеңдері жайлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Амангелді аға туған ауылында 10 жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін оқуға тапсыруға мүмкіндігі болмай, зауыттарда қара жұмысшы болып жұмыс істеген. Кейін Алматыға келіп, ауыр жұмыстардан денсаулығы нашарлап, іске жарамай қалған соң, қайыр тілеп, нәпақа табуға бекінеді. Содан бері Алматыдағы Көк базар мен Орталық мешіттің ортасында күнелтуге қажет қаражатын тауып жүр. 

"Адам маңдайына не жазылды, соны көреді. Тағдыр кітабы біз үшін баяғыда жазылып қойған. Менің тағдырыма осылай болу жазылып қойған. Сол нәрсені сүріп жатырмын. Өмірге еш өкпем жоқ. Осы күніме де ризамын", - деді ол.  

Амангелді ағаның бір күні Орталық мешіттің жанынан басталады. Таңертеңнен кешке дейін жүріп, кейде 5 мың, кейде 3 мың теңге табамын дейді. 

"Таң атқаннан кеш батқанға дейін Көк базар мен Орталық мешіттің арасында жүремін. Зейнетақым 60 мың теңге. Ай сайын пәтеріме 40 мың теңге төлеймін. Қалған 20 мыңым бір айға жетпейтін болған соң, осылай өткен-кеткеннің 20-30 теңгесін сұрауға мәжбүрмін", - дейді ол. 

Ер адамның жасы қазір 57-де. Басынан нешетүрлі жағдайлар өткен. Бірнеше жыл бұрын аула сыпырушы болып та, күзетші болып та жұмыс істеп көрген. Солай жүргенде белгісіз біреулер көшеден көріп, жақсы жұмыс бар деп алдап, Жамбыл облысындағы Отар ауылына алып кеткен.

"Адамдарға сенгім келмейді. Бір ай құлдықта болған кезім де болды. Отардағы бір үйдің малын бақтырып қойды. Вагонда қамап, қинап ұстады. Тамақ бермей, күндіз-түні жұмысқа салды. Сосын шыдамай, қашуға бекіндім. Түннің ортасында пойыз станциясына қарай жүгіріп, қашып кеттім. Айдалада бірнеше шақырым жаяу жүгірдім. Сол кездегі Құдайдың құдіретіне алғысым шексіз. Пойыз келіп тұр екен. Соған міндім де, кетіп қалдым. Содан кейін адамдарға сенуден қалдым", - деді ол ауыр күрсініп.