08.12.2024, 06:30

«Әкесі жоқ қызды келін етпеймін» дейтіндер бар»: Әкесіз өскен блогер жан айқайын айтты

Фото: boz.kz: UGC

Мұндайды санасыздық дер едім. Әке-шешесі бар қыздың қадіріне жетпегендер әкесі жоқтың да қадірін білмес.

Әлеуметтік желіде блогер Индира атты қыз өзінің жан айқайымен бөлісті деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Democrat.kz-ке сілтеме жасап. 

Индира қазіргі қоғамда да үйленер кезде қыздың әкесі бар-жоғына қатты мән берілетінін айтты.

«Менің де әкем жоқ. Шешемнен басқа бауырларым да жоқ, үйдің жалғыз қызымын. Таяуда бір туысымыз «әкесі жоқ қызға үйленбе, басқа қызды таңда» деп үйленгелі жүрген баласына айтыпты. Тағалдым!», - деді.

Осы мәселеге қатысты бірнеше кісінің пікірін сұрап білдік.

«Әрине, болашақ келініңнің әке-шешесі, үлкен әулеттен шыққаны болғанын қалаймыз ғой бәріміз. Үш ұлым да үлкен әулеттен шыққан қыздарға үйленді. Кіші ұлыма да күнде айтып отырамын. «Әке-шешесі, бауырлары бар жердің қызын ал, әкесіз өскен қыздың тәрбиесінде кемшілік болады. Әкенің «тәйт» дегенін естімей өскен қыз жақсы қыз емес. Ешкімі жоқ жердің қызын алма»,- деп айтып отырамын. Біз де өнген-өскен жермен құда болуды армандаймыз ғой бала өсірген соң», — дейді шымкенттік Сапаркүл Бөлебайқызы. «Әкенің де, шешенің де тәрбиесін алған қызды келін ету, әрине жақсы ғой. Алайда әкесі қайтыс болған болса, тағдырдың ісі емес пе? Ажырасқан әйелдің қызы болса, қарсы болар едім. Өйткені біздің әулетте ажырасу деген жоқ. Отау құрды ма, бітті, өмір бойы бірге тұруы керек жұбайлар», — дейді түркістандық зейнеткер Мүтәліп Сағырбаев. «Масқара! Ондай да бар ма? Бірінші рет естіп тұрмын. Екі келінімнің де әкесі жоқ. Құдағиларым балаларын жалғыз баққан. «Әкесі жоқ екен» деп ол жағына еш мән бермеппіз. Өмір ғой, түрлі жағдай болады емес пе? Ең бастысы — екі жастың бақытты болып кетуі емес пе!?», — деп таңданысын жасырмады нарынқолдық Аяш Құрмантайқызы. «Мұндайды санасыздық дер едім. Әке-шешесі бар қыздың қадіріне жетпегендер әкесі жоқтың да қадірін білмес. Не топастық?! Үш күйеубаламның үшеуінің де әкесі жоқ. Екінші күйеуге тиген құдағиым да бар. Онда тұрған не бар? Әкесі бар деп бүгін келін алдың, ертең өз күйеуің өліп қалса ше? Келіннің шешесі «әкесі жоқ» деп қызын алып кетсе, сол жақсы ма? Алқаш, жүргіш, түрмешік, жалқау, берекесіз еркекті «әкем» деп келінің көрсеткеннен саған не пайда? Сосын әкесіз өскен баланың тәрбиесі басқаша болады дегенді қояйықшы. Әкесі бар ұл-қыздардың да неше түрлісін көріп жүрміз! Үлгі болатын әкелер азайған бұл қоғамда «әкесіз қызды келін етпеймін» деу — нағыз надандық дер едім. Ажырасудан әлемде екінші орынға шыққан Қазақстанда әкесі бар қызды енді табу оңай болмас. Сондықтан балаң өз бақытын таптым десе, тұл жетіммен де үйлендіріп, батаңды бер. Менің принципім — осы», — дейді алматылық ақсақал Әлішер Есмұханбет.