$ 516.93  542.52  4.98

Оңтүстік Кореяда не болып жатыр, елде қандай өзгеріс болмақ?

Кейінгі бірнеше күннен бері Оңтүстік Кореяда жағдай шиеленісіп тұр.

Фото: Yonhap
Фото: Yonhap

Сейсенбі күні кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялады. Ол «Солтүстік Кореяны жақтаушы» және «мемлекетке қарсы күштер» елдегі демократия негіздерін құлатуды көздеп отырғанын алға тартып, тәртіп орнатуға мәжбүр екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оңтүстік Корея парламентінде президентке импичмент жариялау туралы заңға қатысты дауыс беру 7 желтоқсанға Астана уақытымен 15:00-ге белгіленді.

Импичмент жариялау үшін депутаттардың үштен екісінің дауысы қажет. Демек 300 парламентарийдің кемі 200-і қолдауы тиіс. Олар мақұлдаса, Юн Сок Ёльдің өкілеттігі бірден тоқтатылып, оның міндетін премьер-министр атқарады.

"Соңғы шешімді конституциялық сот қабылдайды. Ол импичментті қолдаса, 60 күн ішінде жаңа сайлау өтетін болады", - деп жазылған деректе.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады.

Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

«Мен Корея Республикасының еркіндігін қорғаймын және қалпына келтіремін»

«Халық күші» консерватив партиясы атынан сайланған Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль күтпеген жерден ұлттық телеарнада сөз сөйлеп, оппозицияны «жүйені құлату үшін барын салып жатыр» деп айыптады.

Президенттің айтуынша, үкімет құрылғалы оппозиция бақылауындағы парламент үкіметтегі шенеуніктерге импичмент жариялау туралы 22 мәрте бастама көтерген. Осылайша, Ұлттық ассамблея (Оңтүстік Корея парламенті) мемлекеттің жұмысын тежеп жатыр.

«Біздің Ұлттық ассамблея қылмыскерлердің ұясына айналды. Осылай олар елдің сот жүйесін тежеп, либерал-демократиялық тәртіпті жоюға тырысып жатыр», — дейді ол.

Юн парламент үкіметтің бюджет жоспарын бұғаттауы салдарынан Корея қоғамдық қауіпсіздігі жоқ «есірткі жұмағына» айналып жатыр деп санайды.

«Демократиялық партия (Оңтүстік Кореядағы негізгі оппозициялық партия — В.) келер жылдың бюджетін 4,1 трлн вонға қысқартқан. Оның ішінде 1 трлн вон табиғи апаттарға дайындалу қорына, 38,4 млрд вон балаларға күтім көрсету бойынша жәрдемақылар мен жастарды жұмысқа орналастыру үшін газ кен орындарын әзірлеу жобасына арналған», — дейді Юн.

Президент Кореяны «қалпына келтіру және қорғау», мемлекеттің жұмысын тежеуге тырысқан «қылмыскерлерді» түбімен жою үшін әскери жағдай енгізуге мәжбүр болғанын айтады.

Демократия үшін күрес

Әскери жағдай енгізілгеннен кейін елде барлық саяси қызметке, соның ішінде партиялардың жұмысына және азаматтардың митинг өткізуіне тыйым салынды, ал бүкіл БАҚ өкілдері әскер пәрменінің бақылауында болуға тиіс болды.

Сондай-ақ, жарлыққа сәйкес, «жалған ақпарат» таратуға тыйым салынды. Жарлықты бұзғандар сот санкциясынсыз қамауға алынуы мүмкін еді. Корея астанасы Сеулде әскери техника жүргені байқалған, ал полиция парламент ғимаратын қоршауға алды.

Артынша оппозициялық «Демократиялық партия» жетекшісі Ли Джэ Мён әскери жағдайды заңсыз деп атап, халықты парламент алдына наразылыққа шығуға шақырды.

«Мемлекеттің тағдырына қатер төніп тұр. Біз әскерилерге елді басқаруға жол бермейміз (...) Осы сәттен бастап Юн мырза Оңтүстік Кореяның президенті емес», — деді ол.

«Халық күші» президент партиясының жетекшісі Хан Дон Хун да президент шешімін «дұрыс емес» деп атап, оны тоқтатуға уәде берді.

Түнге қарай парламент ғимараты алдында наразылық білдірушілер мен күштік құрылым арасында қақтығыс басталды. Ұзақ уақыт бойы парламент мүшелері ғимаратқа кіре алмай жүрді, себебі кіру жолын әскерилер бөгеп тұрды. Оппозицияның хабарлауынша, әскерилер президенттік партия жетекшісі Хан Дон Хунды, парламент спикері У Вон Сикті және оппозиция жетекшісі Ли Джэ Мёнды ұстамақшы болған.

Алайда бірер сағаттан кейін Корея парламенті отырыс өткізіп, елде әскери жағдай енгізу туралы президенттің шешімінен бас тарту үшін дауыс берді. Ғимаратқа кіре алған депутаттардың барлығы — 300-дің 190-ы бұл шешімді қолдады.

Әскерилер ғимараттан шыға бастады. Алайда Сеул көшелеріндегі наразылық акциялары одан сайын күшейе түсті.

Президент пен парламент арасындағы текетірес қайдан шықты?

Кореяның бұрынғы бас прокуроры Юн Сок Ёль 2022 жылы президент сайлауында жеңіске жетті, ол қарсыласы Ли Джэ Мёнді 1 пайыздан аз дауыспен басып озды. Оның сайлауалды науқаны сыбайлас жемқорлықты, сондай-ақ өзінің алдындағы Мун Чжэ Иннің Солтүстік Кореяға қатысты жұмсақ саясатын сынға алуға арналды.

«Алдын ала соққы беру және оларға дайын екенімізді көрсету мүмкіндігін алғанда ғана соғыстың алдын алуға болады», — деді ол Солтүстік Кореяға деген қатқыл позициясын көрсетіп.

Юн президент атанғаннан кейін азаматтық белсенділер, кәсіподақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына бағытталған қысым мен қуғын-сүргін науқанын бастады. Оның қызметі тұсында полиция мен прокуратура бірнеше мәрте журналистердің үйі мен редакциясын тінтіп, оларды «жалған ақпарат таратты» деп айыптады. Күш құрылымдары кәсіподақтардың кеңсесіне де рейд жасап, олардың «солтүстік кореялық агенттермен» байланысын тексерді.

Ақпарат құралдары оның елді билеу стилін «прокурорлық диктатура» деп атады.

Президент «тоталитарлық коммунизм күштері әрдайым жалған үгіт-насихат арқылы демократияны жақтаушылар, құқық қорғаушылар немесе прогресшіл белсенділер кейпіне енеді» деп мәлімдеген. Ол Оңтүстік Кореядағы гендер теңдігі министрлігін таратуға да уәде берген.

Әйтсе де, биыл сәуір айындағы парламент сайлауында президент партиясы айтарлықтай жеңіліске ұшырады. Оппозиция мандаттың басым бөлігіне ие болып, бұл елдегі саяси дағдарыстың алғышартын көрсетті. Заң шығарушылар Юнның корпоративтік салықтарды қысқарту, зейнетақы жүйесін реформалау және жұмыс уақытына қойылған шектеулерді алып тастау әрекетіне кедергі келтіріп, оның ірі бизнеске қолдау бағдарламасына тосқауыл қойды.

Әскери жағдай президент рейтингі төмендеп, парламент үкімет ұсынған бюджетті қабылдамай, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы шешім қабылдағаннан кейін бір аптадан соң енгізілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары