Себебі ол полиция көлігінің дөңгелегін жарып жіберді деп айыпталып жатыр.
Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Асқар Қаймақов Талғардағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Оның жазуынша, Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Нұрымовтың қорғаушысы Асқар Қаймақовтың сөзінше, адвокаттар полициядан Нұрымовты ұстауды сұрамаған. Бұған дейін полиция "адвокаттар мен оның туыстары Шерзаттың әкесін қамауға алуды сұрағанын" хабарлаған еді.
“Өз-өзіне қол салды делінген Нұрқанат Ғайыпбаевтың жеке хабарламасын жариялауға туыстары келісім бермеді. Адвокаттар Қаржаубайдың 15 тәулікке қамауға алынуын заңсыз деп санайды. Бұл шешімге біз шағым түсірдік”, – дейді адвокат.
Сондай-ақ ол Қаржаубай Нұрымовқа қатысты полицейлер Қылмыстық кодекстің 202-бабы (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын, мәлімдеді. Себебі ол полиция көлігінің дөңгелегін жарып жіберді деп айыпталып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.