$ 522.49  547.88  5.06

Ұялы байланыс операторы тарифтерінің қымбаттауы: Шешім қандай

2024 жылдың желтоқсанынан бастап операторлардың бағаны көтеруі – заңсыз.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Ұялы байланыс операторлары жыл сайын тарифтерін бірнеше рет көтеріп отырады. Сонымен қатар, өз әрекеттерін ақтау үшін түрлі сарапшылар мен ұйымдарға тапсырыс беріп, жалған «зерттеулер» ұйымдастырады. Бұл зерттеулерде Қазақстандағы ұялы байланыс тарифтерін дамыған елдермен немесе Еуропамен салыстырып, біздің тарифтердің ең төмен екенін дәлелдеуге тырысады. Алайда, Қазақстанның өз аймағы – Орталық Азия елдерімен салыстырғанда, біздегі тарифтердің ең қымбат екені анықталды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Одан бөлек, тарифтердің қымбаттауы қызмет сапасының жоғары екенін білдірмейді. Азаматтар мобильді интернет жылдамдығының төмендігіне және елдің көптеген өңірлерінде ұялы байланыс сапасының нашарлығына шағымданады. 

Kcell тарифін үнемі көтереді. Тарифпен бірге сапасын, қамту айма­ғын арттырса дұрыс қой. Қаланың мен тұратын ауданында Kcell аула­майды. Үйімде оның телефон байлан­ысы­нан да, мобильді интернетінен де жұрдай болып қаламын. 5G-ді айту­дың өзі ұят, 4G-ді де ұстамайды. Үй­ге келсем болды, байланыс аясынан тыс жерге тап боламын, ешкім маған қоңырау соға алмайды, – дейді елорда тұрғыны.

Ұялы байланыс операторларының тарифтерді үнемі қымбаттатуынан әбден қажыған қарапайым халық министрдің құлағын шулатады. Нақтыласақ, қазірдің өзінде Цифрлық даму министрлігіне азаматтардан тарифтерді ұлғайтуға және операторлардың қосымша қызметтерді біржақты тәртіппен қосуына қатысты 350-ден астам шағым түскен.

Ұлардай шулаған бұқара Әділетті Қазақстанда уәкілетті органнан әділдік таппай, антимонополиялық органға барды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің атына тарифтерді көтеруге наразы азаматтардан 100-ден астам ресми шағымдар түсті.

"Агенттікке тұтынушылардан "Жарқын+" (Яркий+) тарифтік жоспары бағасының 52,4%-ға күрт қымбаттауына байланысты Beeline операторының, сонымен қатар "Зазвони" тарифтік жоспарының 100%-ға өсуіне қатысты Теле2 үстінен шағымдар түсті. Бүгінде Қазақстандағы бүкіл ұялы байланыс нарығы дуополистік болып табылады. Онда тек 2 нарық субъектісі ғана қалды. Бұлардың бірі – "Қазақтелеком" АҚ: оған "Kcell" АҚ, "Мобайл Телеком–Сервис" ЖШС жатады. Компания қазақстандық осы нарықтың 62%-ына ие. Екіншісі – жекеменшік оператор "Кар-Тел" ЖШС. Оған нарықтың қалған 38%-ы тиесілі. Бұл нарық шектен тыс шоғырландырылған (CR-2). Онда мемлекет басымдыққа ие", – деп мәлім етті Бәсекелестікті қорғау агенттігі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Максим Рожин ұялы байланыс тарифін екі есе қымбаттағанын айтып, өзекті мәселені көтерді.

"Сұрағым еліміздегі ұялы байланыс және интернет тарифтерінің құнына қатысты. Соңғы 2 жылда (тарифтердің бағасы - еск.) 2 есе өсті. Жалпы әлемде интернеттің 1 гигабайттың бағасы төмендеп жатыр. Бірақ еліміздегі инфляцияны ескерсек, тариф құны өсіп жатыр. Ұялы байланыс нарығына, оның бәсекеге қабілеттілігіне қатысты сын айтылып жатыр. Бірақ 2 монополистің ұсынған қызметіне қатысты елдің сыны көп. Осыған қатысты 2 сұрақ бар: Ұялы байланыс қызметі қоғамдық маңызы бар нарықтар тізбесіне қашан енеді? Тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін мемлекеттік реттеу объектісі қашан жұмыс істейді?" - деді ол.

Жаслан Мәдиев министрлік ұялы байланыс тарифінің бағасын реттеуге араласпайтынын айтты.

"Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бері байланыс операторлары көрсететін қызметтің бағасын реттелмейді. Байланыс операторлары шығындарды ала отырып, тарифтерді дербес белгілейді. Байланыс операторлары баға келісімін немесе бағаны негізсіз көтерген жағдайда бәсекелестікті қорғау агенттігінің құзыретіне жатады. Енді біз министрлік ретінде бағаны реттеу қажетсіз деп санаймыз. Себебі саланың инвестициялық тартымдылығын төмендейді деп ойлаймыз. Министрлік салаға инвестиция тарту үшін қазір байланыс операторларымен жұмыс істейді. Мысалы, жақында біз Beeline компаниясымен 5 жылдың ішінде 1 миллиард инвестиция салу жөнінде меморандумға қол қойдық. Басқа байланыс операторлармен де осындай жұмыс істеліп жатыр. Операторлардың көрсететін қызмет сапасын біз де бақылауда ұстаймыз. Өзіңіз білесіздер, (байланыс операторына салынатын - еск.) айыппұлды 10 есе көтердік: 100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін көтердік", - деді министр.

Компания өкілдері қазақстандықтардың мобильді интернетке жұмсайтын ақшасы жыл санап арттып келе жатқанын айтты. Қазақстанда «Теlе2» тұтынушысының бір абоненті орташа есеппен бір айда 10 гибабайттан көп трафик жұмсайды екен. Бұл ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бірақ сұраныстың көп болуы байланыс қызметінің қымбаттатуына себеп болмайтынын айтады.

«Бұл көрсеткіш одан әрі де көбейе түседі деп күтеміз. Бірақ тарифтік пакеттер бағасы мен интернет-трафикті қолданудың өсуі арасында корреляция жүргізбейміз», - деп жауап берді «Теlе2» компаниясы.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу бастады. Олардың қатарында «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС (Тele2/Altel) және «Кар-Тел» ЖШС-да (Beeline) бар. Олар 2023 жылы өзара келісіп, тарифті көтерді деген күдікке ілініп отыр. Бұл жайт Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабында қарастырылған.

Агенттіктің мәлімдеуінше, 2024 жылдың желтоқсанынан бастап операторлардың бағаны көтеруі – заңсыз. Сондай-ақ бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзады.

«Оның үстіне 18 теңге көлемінде тариф жоспарында бір минут сөйлесу үшін қоңыраулардың бірыңғай құны бекітілген. Ұялы операторларға анықталған белгілерді тоқтатуға хабарлама жіберілді», – делінген агенттіктің хабарламасында.

Агенттік операторлардан бағаны түсіруді талап етіп отыр. Қазіргі кезде ұялы байланыс операторлары қабылдаған шараға қатысты сот органдарына шағым түсірген. Сот шешімі шыққанша, тергеу тоқтатылған.

2024 жылдың 19 қарашасында Астана қаласы бойынша агенттік департаменті «үстем жағдайын асыра пайдалану» белгілерін жою туралы «КаР-Телге» ескерту жасады. Тариф пакеттерінде үй интернетінің жылдамдығын таңдауда тұтынушыларға шектеу жасалғаны анықталған. Мұндай жағдай «Қазақтелеком» АҚ қызметінен де табылып, тергеу рәсімі басталды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2024 жылы көтерілген баға бойынша талдау жасалатынын жария етіп отыр. Оның қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілмек.

Агенттік ұялы байланыс операторларына бәсекелестікті қорғау заңын бұзбауға шақырып отыр.

Қазір Қазақстанда ұялы байланыс бойынша үш компания жұмыс істейді. Олар - құрамына «Kcell», «Activ» операторлары кіретін «Kcell» АҚ, «Beeline» брендінмен нарыққа шығатын «K-Mobile» және «Теlе2» мен «Altel» операторын біріктіретін «Теlе2 Казахстан» компаниясы.

Сарапшылардың пікірінше, халық мобильді интернетті бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жиі пайдаланып, трафик сатып алуға көбірек ақша жұмсай бастаған. Бұл ұялы байланыс операторларының бұрынғы тарифтер құнын шамамен 30%-ға көтеруіне себеп болып отыр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары