15.12.2024, 16:30

Екібастұзда зейнеткер ауруханаға түсіп, 13 миллион теңге ақшасынан айырылды

Фото: pexel

Полиция ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Екібастұз қаласының тұрғыны белгісіз біреу оның шотынан 13 миллион теңгеге жуық ақшаны ұрлап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Павлодар облыстық полицияның мәліметінше, зейнеткер 28 қараша мен 2 желтоқсан аралығында инсульт бөліміндегі ауруханада емделген. Онымен бірге палатада бірнеше науқас болған. Олардың барлығы куәгер ретінде сұралды.

“Нәтижесінде зейнеткердің шотынан Kaspi Bank мобильді қосымшасына заңсыз кіріп, ақшаны жымқырған келіншек анықталды. Әйел ұрлық ашылады, өзін табады деп ойламағанын мойындады”, – делінген хабарламада. 

Полиция ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы  таңдалды.