Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.
«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.
Фото: Ақорда
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.
Бұдан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Фото: Ақорда
Президент Гвинея-Бисауды Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі ретінде атап өтті.
«Біз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың келешегі зор деп санаймын. Ол үшін үкіметтер өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға бар күш-жігерін салады. Сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз басты халықаралық құрылымдардағы, ең алдымен, БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымындағы Сіздің еліңіздің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.
Умару Сисоку Эмбало қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
«Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор. Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ретінде келген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп», – деді Гвинея-Бисау Президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.