18.12.2024, 14:05

Соңғы екі жылда алматылықтардың өтінішімен 938 жоба іске асырылды

Фото: Алматы әкімдігі

Сондай - ақ, бұрын іске асырылған ХҚБ жобаларын ұстау үшін бірінші рет әр ауданға 200 млн теңгеге дейін қаражат бөлінуде.

2022-2024 жылдары Алматы тұрғындарының өтініші бойынша жалпы сомасы 39,1 млрд теңгеге 938 жоба іске асырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, бұл жобалардың барлығы қала тұрғындары белсенді қатысып, қаланы жақсарту үшін өз идеяларын ұсынатын «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған.

«Біз ХҚБ аясында жобаларды іске асыруға жыл сайынғы лимитті 17 млрд теңге деңгейінде белгіледік. Сондай - ақ, бұрын іске асырылған ХҚБ жобаларын ұстау үшін бірінші рет әр ауданға 200 млн теңгеге дейін қаражат бөлінуде», - деді Ерболат Досаев.

Бағдарлама аясында қаланың қараусыз қалған аумақтарынан жаңа жаяу жүргіншілер және жағалау аймақтары, скверлер, балалар алаңдары мен абаттандырылған аулалар жасалуда.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру 2,6 есеге ұлғайды, берілген жобалар саны 5,7 есеге өсті, бұл азаматтардың белсенді қатысуын және бағдарламаны қаланы дамыту құралы ретінде тиімділігін көрсетеді.

2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» аясында аудан әкімдіктері 364 жобаны іске асырды. Келесі жылы Алматыда 17 млрд теңгеге абаттандыру бойынша 300-ден астам жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалардың басым бөлігі Алатау (50) және Алмалы (45) аудандарында іске асырылатын болады. Іске асыруға рұқсат етілген жобалар тізімімен budget.open-almaty.kz. сайтында танысуға болады.