21.12.2024, 04:30

«Полицей басыма пакет кигізіп, жыныс мүшемді бұрады»: Шопан өткір мәлімдеме жасады

Фото: Азаттық рухы

Малшының айтуынша, Жәрменов екі орынбасарымен бірге оны кешкі уақыттан бастап келесі күні таңғы 04.00-ге дейін ұрып-соққан.

Шардара ауданында, дәлірек айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында біреудің малын бағатын шопан Нартай Хужанов аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жәрменовтен қорлық көргенін айтты, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

Шопанның аты Нартай Хужанов, ал оның айтып отырған адамы – Түркістан облысы Шардара ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жәрменов.

Шопанның айтуынша, бұл оқиға осы жылдың қыркүйегінде болған. Содан бері басынан өткен мәселені айтып, құзырлы органдарға барғанымен, олар шопанның арызына бей-жай қараған көрінеді. Сондықтан, малшы кісі Шардара ауданындағы заңгерлік көмек беретін кеңсеге келген.

«Нұрлан Жәрменов маған «сен менің 8 ешкімді сатып жібердің» деді. Мені ұрып-соғып, басыма пакет кигізді, аузымды скотчтады. Жыныс мүшемді бұрап, маған зорлық-зомбылық көрсетті», - дейді малшының өзі.

Оған көмек қолын созып жатқан заңгердің айтуынша, ешкіні сатқан Жәрменовтің өз малшысы. Яғни, дереккөзге сүйенсек, полиция басшысының орынбасары малшы жалдап отыр екен. Заңгердің айтуынша, Жәрменовтің малшысы қашарларды негізінде мүлде басқа адамға сатқан. Бірақ, қағазда сатып алған осы малшы, яғни, Нартай Хужанов деп көрсеткен.

Малшының айтуынша, Жәрменов екі орынбасарымен бірге оны кешкі уақыттан бастап келесі күні таңғы 04.00-ге дейін ұрып-соққан.

Біз осы мәлімдемеге қатысты Түркістан облысының полиция департаментінен ақпарат күтіп отырмыз.