“Басшылық қандай болса, шыршалары да сондай”.
Алтай қаласындағы орталық алаңға қойылған шыршаның түрі жергілікті тұрғындарға ұнамай қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шыршаның видеосы желіде тарады.
“Басшылық қандай болса, шыршалары да сондай”, “Әкім осындай сұлу шыршаны шын жүрегімен қойған ғой”, “Мазақ қылып тұрғандай”, “Азып-тозып, несиеге кіріп кеткен шырша-ау деймін”деп көпшілік жаза жөнелді.
Алтай ауданының әкімдігі жаңа жылдың басты символына қатысты жағдайға пікір білдірді.
"Жаңа жылға арналған алаңда біз қала тұрғындары өз аумақтарынан кесіп әкетуді сұрайтын шыршаны орнатамыз. Бұл ескі ағаштар. Олар құлап, иесінің де, көршілерінің де ғимараттарына зақым келтіріп, сымдарды үзуі мүмкін. Жаңа жылдан кейін бұл пайдаланылған шырша кесіліп, отын ретінде иесіне қайтарылады. Бұл жолы да солай жасамақпыз. Жеке үйдің иесі Ольга Бедарева үйіндегі шыршаны кесу туралы әкімдікке өтініш білдірді. Иә, ол алаңға жеткізіліп жатқанда, кейбір бұтақтары зардап шеккен. Бірақ жұмысшылар басқа бұтақтарды бекітіп, ағашты жайнатып жіберді", - деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.