25.12.2024, 12:40

Мас күйінде көлік жүргізген депутат қамауға алынды

Фото: Александр Подгорчук, Коммерсантъ

Депутат тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында мас күйде көлік тізгіндеп, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен депутат 17 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты 23 желтоқсанда алкогольді ішімдік ішіп «NissanTeana» маркалы автокөлік тізгініне отырған. Оны полицейлер Қарасу ауылы Жексенбі көшесінде тоқтатқан. 

Депутат Ақжар ауылында орналасқан ауруханаға медициналық куәландырудан өтуге барғысы келмей, тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

Медициналық куәландыру жүргізушінің «орта» дәрежелі мас күйде болғанын көрсетті. Сот барысында ол өз кінәсін толықтай мойындады. 

- Сот шешімімен айыпталушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабы 1-бөлігі (Мас күйде көлік жүргізу) және 667-бабы 1-бөлігі (полицейдің заңды талабына бағынбау) бойынша кінәлі деп танылып, 17 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, - делінген аудандық сот үкімінде.