$ 520.27  537.65  5.24

Елдос Сметов жоғары лауазымды қызметке бара ма?

Бір қазақ шыққан биікке екінші қазақ та шыға алады. Мұндағы мақсат – жас дегеннің ауысып жатқан цифрлар ғана екенін дәлелдеу, жастарға мүмкін емес нәрсенің жоқ екенін дәлелдеу.

Фото: ҰОК
Фото: ҰОК

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындарына қатысу жоспарын айтып, мемлекеттік қызметке бару туралы пікір білдірді, деп Sкifnews.kz ақпарат порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы  Астанада өткен "Үздік – 2024" жүлдесінің марапаттау рәсімінде айтты.

Елдос Сметовтің айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік лауазымға қатысты жоспары жоқ, себебі өзін ол салада көрмейді.

"Қазіргі уақытта ондай мақсатым жоқ, өзімді ол жақта көріп тұрған жоқпын. Өйткені мен әлі спортшымын, спортшы ретінде алға қойған мақсатым бар. Сол мақсатпен мүмкіндігім бар кезде айналысуым керек. Қазір 32 жастамын, Олимпиада кезінде 35-36 жаста боламын. Бұл жаста "жүлде алу мүмкін емес" деп үміт үзуге болмайды, оған дәлел болған – Демеу Жадыраев, ол 35 жасында Олимпиада финалына дейін жетті. Бір қазақ шыққан биікке екінші қазақ та шыға алады. Мұндағы мақсат – жас дегеннің ауысып жатқан цифрлар ғана екенін дәлелдеу, жастарға мүмкін емес нәрсенің жоқ екенін дәлелдеу. Әсіресе үшінші Олимпиадам – біраз жасқа үлкен мотивация берді, күресті қойып кеткендер кілемге оралды, дюздо залынан бапкерлер хабарласып, кішкентай балалар сыймай жатқанын айтуда. Бұрын қазаққа дзюдодан Олимпиада чемпионы болу бұйырмаған, мүмкін емес деп ойлайтын едім. Бірақ бұл мүмкін екен", - деді Елдос Сметов.

Сонымен қатар Елдос Сметов алдағы уақытта ағылшын тілін меңгеру мақсатында Англияға баруды жоспарлап отырғанын айтты. Сондай-ақ, спортшы 2027 жылы Қазақстанда өтетін әлем чемпионатына және 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін жеткізді.

"Бағыма бұйырып жатса, барамын, бұйырмай жатса, бауырларымды қолдауға барамын. Маман болсам да, спорттан алыстап кетпеймін. Өйткені кішкентайымнан спортпен айналыстым, осы саладағы кемшіліктердің орнын толтырып, тәжірибемді жастармен бөліскім келеді", - деді дзюдошы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары