Полиция өкілдері мен прокуратураға деген наразылықтарын олар осындай шара арқылы байқатып отыр, деп хабарлайды 31 арна.
Айтуларынша, олардың қазір тергеуде жатқан туыстары миллиондаған қаржы ұрлады деген жалған жала бойынша қамалған. Күдіктілер ретінде ұсталған олардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқ болса да, қамау мерзімі күннен күнге ұзарып барады дейді олар. Наразылыққа шыққандарға бірден құзырлы органдар басу айтты.
Ақ матаға талаптарын жазып, ауданға кіреберіс көпірдегі қозғалысты тоқтатқандардың жан айқайы алыстан естіледі. Алты айдан бері қамауда жатқан балаларын, бауырларын көре алмаған алпысқа жуық ақ жаулықты аналар мен ақсақалдар жақындарының тергеу біткенше босатылуын сұрайды.
Биыл көктемде аудандағы қаржылық орталықтардың бірінде қомақты қаржы қолды болады. Сол ақшаны ұрлады деген күдікпен аталмыш банктің алты қызметкері қамауға алынған. Содан бері жарты жыл өтсе де, тергеу жүріп жатыр деген желеумен жақындарымызды әдейі ұстап отыр дейді туыстары. Оның үстіне, құзырлы орган өкілдері бір де бір дәйекті дәлелді көрсетпеген. Бұл аздай ұсталған күдіктілерді қылмысты мойындату үшін азаптап, ұрып-соққан көрінеді.
Әділдік іздеп шаршағандардың кенеттен қан қысымдары көтеріліп, денсаулықтары күрт төмендеді. Су бүркіп, өз-өздеріне келтіргенмен, жедел жәрдем шақыртуға тура келді. Естерінен танып, жағдайлары қиындаған соң, аналар аудандық ауруханаға жеткізілді.
Жолды ашпақ болған тәртіп сақшыларына қарсы тұрған халық тек аудан әкімі келгенде ғана сабырға түсті. Шенеунік жиналғандардан талаптарын облыс әкіміне жазып беруді өтініп, айтқандарын жеке жеткіземін деп уәде берді.
Тергеуді созған құзырлы орган қызметкерлерінің ісін шешіп, жағдайды бақылауға аламын деген әкім сөзінен кейін ғана жиналып қалған көліктерге жол ашылды. Ал екі сағат бойы рұқсат етілмеген ереуіл өткізгендердің он бір белсендісі әкімшілік жазаға тартылатын болды.