$ 527.3  544.86  4.95

Су тасқынын жою, Жолдау, АЭС референдумы: Президент 2024 жылы қандай маңызды шешімдер қабылдады

6 қазан күні АЭС құрылысына қатысты өткен жалпыұлттық референдумда халық өз ықтиярын біл­­ді­ріп, таңдау жасады. 5 561 937 азамат немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

2024 жыл Қазақстан Республикасының саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуында елеулі жылдардың бірі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан маңызды іс-шаралар елдің тұрақты дамуын және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Төменде жыл бойы өткен маңызды оқиғаларға Skifnews.kz ақпарат порталы шолу жасады.

Мемлекет басшысы осы жылы 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хат­та­масы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды.

Сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті.

Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықара­лық және өңірлік ұйымдардың жетекші­лері­мен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.

Енді осы сандармен өрнектелген жұ­мыс кестесінің барысында ел игілігі үшін жасалған істерге назар аударайық.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы

Picture background

Елдік мәселелер қозғалатын Ұлт­тық құрылтайдың үшінші оты­­рысы биыл көне Сарайшық жұр­­тында – Атырау облысында өтті. Құрылтайда ұлт болмысын қалып­тастыратын тәуелсіздік пен отан­шылдық, бірлік пен ынтымақ, әділ­дік пен жауапкершілік, заң мен тәр­тіп, еңбекқорлық пен кәсі­би біліктілік, жасампаздық пен жаңа­шылдық секілді басты құндылық­тар айқындалды.

Сонымен қатар Президент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен бала­лардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни тұрмыстық зор­лық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді.

Бұдан бөлек, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Вандализм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке тыйым салуға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Аталған бастамаларға қатысты заң жобаларын әзірлеуге Парламент депутаттарымен қатар, Ұлттық құрыл­тай мүшелері де белсенді атсалысты. Осылайша, Президент үнемі айтатын «Заң мен Тәртіп» үстемдігі қоғамда біртіндеп орнығып келеді.

Су тасқыны 

Көктемгі су тасқыны елді әбігерге салып, халықтың да, мемлекеттің де мүлкіне зор зардабын тигізгені белгілі. Еліміздің 10 өңірінде жергі­лікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы адамдарды дереу қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облысқа, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жандардың еш­қай­сысы елеусіз қалған жоқ. Мем­лекет міндеттемесін толық орында­ды. Зардап шеккендердің бәріне ма­­те­риалдық, қаржылай қолдау көр­сетілді.

Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар жұмыс істеді, олар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мү­лік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. 9 156 үйге жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, жүз пайыз аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды.

Фото: Akorda

Бұған қоса 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, яки 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді.

Шағын және орта бизнес субъек­тілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығыны өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіпкердің өтінімін мақұлдады.

Тағы бір айта кетерлігі, мал шы­ғынын төлеу үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Осындай қиын-қыстау сәтте хал­қы­мыз ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.

Экономика. Инвестициялық саясат

Жыл басында, яғни 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығын­дарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуді тап­сыр­ған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 10 мамырда «Экономиканы ырық­тандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Пре­зидент еліміздің таяу келешектегі экономикалық дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындады. Үкімет жыл бойы осы негізгі міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсады.

Мәселен, 2024 жылдың І жарты­жыл­дығының қорытындысы бойынша шетелден келетін тікелей инвес­тицияның жалпы көлемі 9,8 млрд долларды құрады. Бұл көрсет­кіш тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, өңдеу өнеркәсібі салаларында көбірек тіркелді.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар-қараша айларында 15,8 трлн теңгеге жетті. Бүгінде 795,9 млрд теңге көлеміндегі сомаға 134 жоба іске қосылды, 10,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысы жаңадан жұмысын бастаған бірнеше ірі зауыт пен кәсіпорынға арнайы барып, қызметімен танысты.

Әлеуметтің әлеуетін көтерген жобалар

Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан елді мекендерде 460 мың оқушыға арналған жаңа 217 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 36 мектеп пайдалануға берілді. Оның 15-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл – білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту ісінде қала мен ауылға бірдей көңіл бөлінеді деген сөз.

Ал бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін 276 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, ал 117-і биыл іске қосылды. Келер жылы 125 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Баянды бастамалар

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Яғни қо­ғам­да адал еңбек, адал азамат құн­ды­­лық­тарын сіңіру жолындағы жүйе­­­лі істер атқарыла бастады. Мы­са­лы, ден­саулық сақтау мәселе­ле­ріне қа­тысты заң медицина қыз­мет­керлерінің жауап­кершілігін айқындап қана қой­май, олардың мәртебесін арттыру­ды, кәсіби мінде­тін атқару барысында жан-жақты қорғауды көздейді.

Дәрігерлер қауымы бұл жаңалықты ыстық ықыласпен қабыл алды. Тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы бекі­тіліп, алғашқы иелеріне табысталды. Жалпы, биыл мемлекеттік наградаға еңбегімен үлгі болып жүрген ел азаматтары көп ұсынылды. Келер жылы бұл игі дәстүр жалғасын тауып, еңбек адамына зор құрмет көрсетіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім мен технологияға негізделген экономика құру ісіне зор көңіл бөледі. Мұның бір көрінісі ретінде биыл Ғылым және технологиялық саясат туралы заңға қол қойылуын айтуға болады. Онда ғылыми жетістік­тердің нәтижесін өндіріске енгізуді көздейтін технологиялық саясаттың негізгі бағыттары мен тетіктері барынша қамтылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы

Касым-Жомарт Токаев участвует в субботнике

Президенттің бастамасымен сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бас­талды. Көктемгі су тасқынымен арпалысып, дағдарған шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне бо­саңсымай, айналаны тазалау, абаттандыру ісіне дереу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұрақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті. Түпкі мақсат – қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру.

Жыл бойы жүргізілген акцияға 2,4 миллионға жуық адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 2,5 мил­лион көшет отырғызылды. 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метр­ден аса арық тазартылды.

АЭС құрылысы. Жалпыұлттық референдум

Picture background

6 қазан күні АЭС құрылысына қатысты өткен жалпыұлттық референдумда халық өз ықтиярын біл­­ді­ріп, таңдау жасады. 5 561 937 азамат немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Респуб­ликасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің Президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мем­лекеттік сапармен келген Ресей Пре­зиденті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы

Picture background

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы­на төрағалық аясында шілде айында Астанада аталған құрылымның 24-саммиті өтті. Қазақстанның Ұйым­ға төрағалық ету кезеңінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара ұйым­дастырылып, ұйымның шарт­тық базасы 60 жаңа құжатпен толық­ты. ШЫҰ серіктестері саналатын халық­аралық ұйымдардың саны көбей­ді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Алматы қаласы 2023–2024 жылдары ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды.

V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары

Биыл еліміз Түркі мемлекеттері ұйымына лайықты төрағалық етті. Осы кезеңде 80-нен аса іс-шара ұйым­дастырылды. Ортақ түркі әліп­­биінің нұсқасы бекітілді. Бес күн бойы Ұлы дала төсін дүбірге бөле­ген V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары осы ұйымның аясында ұйымдастырылған ең маңызды шараның бірі болды. Дүбірлі додаға 90 елден 2 500-ге жуық спортшы келіп, күш сынасты.

Ақтаудағы ұшақ апаты: Шұғыл әрі үйлесімді әрекет

Picture background

Президент Үкіметке апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өту, ерекше көзге түскен азаматтарды мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беруді, қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді тапсырды.

Қорытынды

Picture background

2024 жылы Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылды. Су тасқынының салдарын жоюдан бастап экологиялық және энергетикалық мәселелерді шешуге дейінгі шаралар елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Бұл бастамалар Қазақстанның болашағына оң әсер етіп, елдің халықаралық беделін нығайтты. Бір жылда атқарылған ауқымды шаруаны бір мақаланың шеңберін­де қамтып шығу әсте мүмкін емес. Дегенмен жұрт жадында сақталған, мемлекеттің даму тарихында өзіндік орны бар оқиғаларды осылай сараптап өттік.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 12
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары