01.01.2025, 11:30

Бүгін қазақтың бұлбұлы Роза Бағланованың туған күні (ВИДЕО)

Мен қайда жүрсем де, қазақтың әнін ғана емес, қазақ қыздары киген ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де өзіммен бірге өмір бойы серік еттім.

Бүгін күміс көмей әнші, қазақтың бұлбұлы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы «Әлемнің әйгілі әйелдері» атағын иеленген Роза Тәжі­бай­қызы Бағланованың туған күні, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Роза Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қа­залы қаласында туған.

Оның орындауындағы «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок» әндері ел арасында ерекше танымал болды.Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем ха­лық­тарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты.

Роза Бағланова Қызылорда педагогикалық институтында білім алған. 1941 жылы оған Мәскеу консерваториясына жолдама берілді, бірақ соғыс басталып, ол Өзбек КСР-нің мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблімен бірге майданға аттанды. Ұлы Отан соғысы жылдарында әншінің шығармашылық жолы басталды.

Әртістер бригадасының құрамында жүрген ол Кеңес әскері жауынгерлерінің алдында майданда өнер көрсетті. Әнші Лидия Русланованың репертуарынан әндер мен частушкалар, соның ішінде әйгілі "Ах, Самара-городокты" шырқайтын.  

Роза Бағланова әлемге қазақтың әнін ғана емес, болмысын да танытты.

Айтулы датаға орай Роза Бағланованың сұхбаттарынан үзінді беруді жөн көрдік.

Мен қайда жүрсем де, қазақтың әнін ғана емес, қазақ қыздары киген ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де өзіммен бірге өмір бойы серік еттім.

"Америка сахнасында 1957 жылы ән айттым. Кеңестер елінен келген әншiлердiң құрметiне дастархан жайылды. Мен қонақасы кешіне қазақтың ұлттық киімін киіп кіріп барғанымда мені көре салып, 100 шақты музыкант «Ах, Самара, городокты» құйқылжыта тарта жөнелді. Оркестрге қосылып, әндi орысша, ағылшынша, французша орындап шықтым. Американың зиялы қауымы айрықша ілтипат көрсетті."

Сұлулық деген не? Қай жағынан алсаң да, қарасаң көз тоймаса, ол адам ба, зат па? Сол әдемі. Туа біткен сұлулық бар, оны қолдан жасайтындар бар. ...Біреулер дене бітімі мен бет-әлпетінің ажарын ғана сұлулық деп ойлайды. Әйелдің жан дүниесі мен сыртқы келбеті үйлессе, екеуі де сұлу болса, ол – жаратушы сыйы. Ішкі жан дүние – мінез-құлық. Сондай әдепті, білімді, кішіпейіл, қайырымды, оған қоса таланты болса, сұлулығы айқындалып, даралана түседі.