02.01.2025, 00:30

Ұшақ апаты: Қазақстан мен Ресейдің мамандары қара жәшікті ашуға қатысады

Фото: Азамат Сәрсенбаев

Барлығы процеске тоғыз сарапшы қатысады.

Қазақстан, Ресей және Әзербайжан мамандары Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының Embraer E-190 ұшағының қара жәшігін ашуға қатысады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл процес Бразилиядағы авиациялық оқиғаларды тергеу және қамтамасыз ету орталығында (CENIPA) өтеді, деп хабарлады Оңтүстік Америка елінің әуе күштері.

– Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 13-қосымшасына сәйкес және Қазақстанның авиациялық оқиғаларды тергеу басқармасының сұрауы бойынша CENIPA деректерді транскрипциялауға қатысу үшін Қазақстан, Әзербайжан және Ресейден мамандар қабылдайды, – делінген хабарламада.

Барлығы процеске тоғыз сарапшы қатысады: әр елден үш өкіл. Ұшақтың қара жәшіктері сейсенбіде Бразилияға жеткізілуі керек.