03.01.2025, 23:30

«Қоғамда резонанс тудырған оқиғалар жөнінде нақты ұстанымын айқындады»: Тоқаевтың сұхбаты туралы сарапшылар пікірі

Коллаж: Sn.kz

Сұхбат барысында елімізде жүйелі экономикалық реформалар, саяси шешімдер мен инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы, нәтижелері талқыланды.

Бүгін «Ana tili» тілі газетіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты шықты. Сұхбатта Қазақстан президенті АЭС құрылысы, Талғардағы трагедия, Ақтаудағы ұшақ апаты, ел экономикасы, жастар мәселесі және т.б. мәселелерді қозғаған. Сұхбатты оқып шыққан сарапшылар енді пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Берік Қадыров, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Абай облысы бойынша өкілі, Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы: 

«Былтырдан бері дәстүрге айналғандай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ana tili» газетіне кезекті сұхбатын берді. Бұл сұхбат мазмұнын шартты түрде үш негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншіден, мемлекет басшысы 2024 жылдың қорытындыларын жасап, еліміздің жеткен басты жетістіктерімен бөлісті. Екіншіден, алдағы уақытта атқарылуы қажет негізгі мәселелер мен бағыттарды айқындады. Үшіншіден, қоғамда резонанс тудырған оқиғалар мен әртүрлі пікірлерге қатысты өз ойын білдіріп, нақты ұстанымын айқындады. Президентінің осындай форматтағы кездесулері елімізді дамытуға қатысты шаралардың мән-маңызын барлық азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сұхбат барысында елімізде жүйелі экономикалық реформалар, саяси шешімдер мен инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы, нәтижелері талқыланды. Маңызды бастамалар аймақтарда да өз нәтижесін көрсетуде. Әсіресе, Президент мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесінің тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Мысалы, Абай облысы бойынша айтсақ 2024 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 54 380-ге жетіп, оларда 103 952 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда, машина жасау саласы 16%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 4%-ға, бөлшек тауар айналымы 12%-ға, көтерме сауда 9%-ға өскен. Сонымен қатар, мемлекет басшысы жастардың экономикалық дамудағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың белсенді, білімді, тәртіпті және еңбекқор болуын қалайтынын жеткізді. Жастарды қолдау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқаны да айтылды. Сұхбат барысында қозғалған тағы бір маңызды мәселе – цифрландыру. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингінде Қазақстан E-government көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орынға ие болғаны – айтарлықтай жетістік, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайтындығындығына тоқталды. Бұл бағытта елімізде үлкен жобалар іске асырылып жатқаны белгілі, соның ішінде Семей қаласында да «Ақылды» қалаларды дамытуға арналған Жол картасы аясында 27 жоба жоспарланған (17 базалық және 10 қосымша жоба), бірақ мемлекет басшысының меңзеп отырғаны тек сан емес, яғни цифрлық экожүйені қалыптастыруда сапаға, әсіресе мемлекеттік тілдегі контенттер мазмұнына басымдық беруді ескертті. Мемлекет басшысының бұл сұхбаты алдағы уақытта жан-жақты талданып, атқарушы билік тарапынан нақты қорытындылар жасалып, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, қоғамда дұрыс түсінік қалыптасып, ортақ мақсатқа ұмтылуға септігін тигізеді».

Әсем Күлбаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің сарапшысы:

«Адамзат тарихында түркі өркениетінің алатын орны өте зор. Ұлан-ғайыр атырапты ба ғындырған Түркі халықтарының адамзаттың дамуына қосқан үлесі мол екенін тарих дәлелдеді.

Заманында өнер мен ғылымның іргелі ордасына айналды. Өкінішке орай  тарихтың дамуына байланысты әсіресе ғылыми-техникалық прогрестің тез жүруіне орай түркілер деформацияланды.

Перзидентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзінің берген сұқбатында қазіргі халықаралық қатынастарда «түркі факторының» пайда болуы мәселесін қозғайтын, түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ) туралы  да пікірін білдірді.

Қазіргі геосаясаттағы қиын жағдайда түркі әлемінің саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастық шеңберінде түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен бірігуі, өңірлік тұрақтылық тұрғысынан ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылады.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы ортақ тіл, мәдениет және ынтымақтастық негізінде құрылғанымен, бүгінде ол аймақтық және халықаралық ынтымақтастықтың тиімді ұйымына айналды. Түркі мемлекеттерінің ұйымын құру кезеңдерін үшке бөлуге болады. Бірінші кезеңі, КСРО ыдырағаннан кейін, түркі республикалары тәуелсіздік алған кезде, 1992 жылы Түркияның басшылығымен Анкарада «Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Саммиті» өтті. Екінші кезеңі, 2009 жылы түркітілдес мемлекеттерінің Ынтымақтастық Кеңесі, атап айтқанда «Түркі кеңесі» құрылды. «Түркі кеңесі» халықаралық аренада «қарапайым» мақсаттарды көздеп, уақыт өте келе табысты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл тұрғыда экономика, білім, көлік, мәдениет, туризм және сыртқы саясат салаларындағы маңызды жобалар бірлесіп іске асырылды. Үшінші кезеңі,  Түркі кеңесі 2021 жылғы 12 қарашада Ыстамбұлда өткен 8-ші саммитінде тарихи шешім қабылдады және өз атауын түркі мемлекеттерінің ұйымы деп өзгертті.

Былтыр Астана төрінде «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!»  ұранымен ТМҰ -ның  X саммиті өткен болатын.  Осы саммитте «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды деп санайды. Бұл ретте Президент Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынған болатын.

Былтыр, түркі мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларды құраса, биыл түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара сауда айналымы  45 миллиард доллардан асқандығын айтты. Өткен жылғы саммиттің аясында 80-нен астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қатысушы елдердің білім беру және академиялық құрылымдары, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері арасында тығыз және өнімді байланыстар орнатылғандығын да тілге тиек етті.

2021 жылы күллі түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы түркі халықтарының рухани жақындасуында ерекше, елеулі рөл атқарса, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Астанада өтуі маңызды оқиға болды деп, ой түйді. Ұйым шеңберінде Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) ,  Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) және Түркі академиясы сияқты ұйымдар жұмыс жасауда.

Бауырмалдылық пен шын жанашырлық бұл мемлекеттерді саяси аренада үлкен ойыншыларға алып келуі әбден мүмкін».

Айдана Акесина, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Стратегиялық талдау департаментінің бас сарапшысы:

«Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды оқиғаларға жан-жақты баға беріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады.

Негізгі оқиғалардың бірі құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге бағытталған заңның қабылдануы болды. Құжатта букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді жарнамалауға тыйым салу, кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тартқаны үшін әкімшілік жазалар енгізу, борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғалардың оларға қатысуына тыйым салу сияқты ережелерді айтарлықтай қатайтады. Бұл шаралар қоғамға үлкен қауіп төндіретін құмар ойындарға тәуелділік ауқымын барынша азайтуға бағытталған.

2024 жылдың сәуірінде Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ұсынылған ережеге сәйкес, құмар ойындарға тек 25 жасқа толған адамдар қатыса алады. Ғимараттардың қасбеттеріне казинолар мен букмекерлік кеңселер туралы жарнамаларды орналастыруға тыйым салынады, ал eGov платформасы арқылы азаматтар құмар ойындарға қатысуға 10 жылға тыйым сала алады. Сонымен қатар, несиесі немесе алименті төленбеген азаматтарға бәс тігуге рұқсат берілмейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойындарға тәуелді болса, олардың айтарлықтай бөлігін жастар құрайды. Ranking.kz сараптамалық агенттігінің мәліметінше, 2023 жылы азаматтардың ойын бизнесіне жұмсаған шығыны 370 миллиард теңгеден асты.

Жастар ғылыми орталығының зерттеулері құмар ойындарға тартылған жастардың санының артқанын көрсетеді: оны жаман әдет деп санайтындардың үлесі 2022 жылғы 1,2%-дан 2023 жылы 3%-ға дейін өсті.

2024 жылдың басынан бері мемлекеттік органдар құмар ойындарының жарнамасына қатысты 5 мыңнан астам веб-сайттар мен сілтемелерді бұғаттады. 2021 жылдан бері 36 ойын мекемесінің лицензиясынан айырылды, оның ішінде 28 букмекерлік кеңсе мен алты букмекерлік дүкен бар.

Құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күрес туралы заңның қабылдануы қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын қорғаудағы маңызды қадам болды. Бұл шаралар халықтың осал топтары үшін тәуекелдерді барынша азайтатын жағдайлар жасауға бағытталған».