04.01.2025, 21:30

Жаңа жылдық отшашулардан 63 қазақстандық жарақат алған

Фото: s15.stc.yc.kpcdn.net

Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге толық медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.

Жаңа жылдық мерекелер кезінде Қазақстанда пиротехникалық заттарды пайдалану салдарынан 63 адам зардап шекті, оның ішінде 20-сы бала, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

4 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, зардап шеккендердің 12-сі, оның ішінде бес бала ауруханаға жатқызылды. Ал 51 науқас, оның ішінде 15 бала амбулаторлық ем алып жатыр.

Алматыда 19 адам, Жамбыл облысында 11 адам, Қарағанды, Маңғыстау және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкентте алты адам жарақат алған. Ақтөбе облысында – екі адам, Ақмола, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстарында – бір адамнан зардап шеккен.

Зардап шеккендердің барлығына көз жарақаты, қасаң қабықтың күюі, күйік және қолдың жарақаты диагнозы қойылды. Науқастардың бірі іштің алдыңғы қабырғасының жарақатын алған, жағдайы орташа ауыр.