06.01.2025, 00:30

Қостанайда 20 жыл көріспеген әкесі мен қызы табысты

Фото: Polisia.kz

Қыздың әкесі белгісіз себептермен хабарсыз кеткен.

Қостанай облысының полициясы 20 жыл көріспеген әкесі мен қызын табыстырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Polisia.kz мәліметінше, 1995 жылы 58 жастағы Александр Хан Қазақстаннан белгісіз себептермен хабарсыз кеткен. Оның қызы Юлия Хан Қостанай Полиция басқармасына жүгініп, жоғалған әкесін табуға көмек сұрады. Әкесін іздеу оның өмір бойғы арманына айналған. Александр Ханның 1995 жылы алыс шетелге тұрақты тұруға кетіп, отбасымен байланысын үзгеніне қарамастан, полиция қызметкерлері Юлияның үмітін үзбей, іздеу жұмыстарын бастаған.

"Көші-қон қызметі мамандарының кәсіби және үйлесімді әрекеттерінің арқасында Александр Ханның Францияда ұзақ жылдар бойы тұрғаны анықталды. Әртүрлі себептермен ол туыстарымен байланысын жалғастыра алмаған, бірақ қызының табандылығы мен полицейлердің еңбегі бұл олқылықтың орнын толтырды. Жиырма жылдан кейін әке мен қыз қайта қауышып, бұл кездесу Хан отбасы үшін үлкен қуанышқа айналды", - делінген хабарламада.