10.01.2025, 21:30

Қытайда өршіп жатқан вирус несімен қауіпті?

Фото: РБК

Оның алғашқы белгілері қандай? Қазақстанда вирустың өршіп жатқаны туралы ақпарат рас па?

2025 жылы Қытайда COVID-19 пандемиясынан әлдеқайда қауіпті жедел вирустық ауру метапневмовирус өршіп жатыр. Қазақстанда да бұл вирусты жұқтырғандар тіркелді. Осы орайда аурудың белгілері, емдеу әдістері мен салдарына тоқталсақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қытайда жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) өсуі байқалады. Бұл әсіресе Қытайдың солтүстік провинцияларында өршіп жатыр. Аспан асты елінің Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы науқастардан үлгілер алды.

"Негізгі қоздырғыштары – тұмау вирусы, адамның метапневмовирусы және риновирус. ЖРВИ, соның ішінде метапневмовирус ел ішінде белсенді түрде таралып жатыр. Аурудың жоғары көрсеткіші 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалады", – делінген хабарламада. 

2025 жылдың 5 қаңтарындағы ресми мәлімет бойынша Қазақстанда адам метапневмовирусының 30 жағдайы тіркелді.

Маман метапневмавирустың бұрыннан бар екенін және жіті респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) жататынын айтты. Оның сөзінше, бұл вирус кәдімгі пара тұмау түрлеріне ұқсас. 

"Қазан айынан бастап сәуірге дейін ЖРВИ вирустарының, жалпы тұмаулардың ең өршитін уақыты. Соның ең жоғарғы өршуі қаңтарға келіп отыр. Сондықтан да метапневмавирус туралы енді естіп отырмыз. Әйтпесе бұл 2001 жылдан бері бар вирус. Мәселен, ол пара тұмау, аденовирус, риновирус, баукавирустар сияқты ағайынды вирустардың бір түрі. Анау айтқандай қорқатын дүние емес. Дүрлігудің қажеті жоқ", - деді эпидемиолог Жұмабек Бекенов massaget.kz сайтына берген сұхбатында.

Вирустың ерекшеліктері

Адамның метапневмовирусы (HMPV) – көп елдерде ондаған жылдардан бері тарап жатыр. Ол – тыныс алу жолдарының инфекцияларын тудыратын классикалық вирустардың бірі. Ол алғаш рет 2001 жылы Нидерландыда пайда болған. Бірақ зерттеулер вирустың құпиясы ашылғанға дейін ондаған жылдар бойы адамдарға жұққанын көрсетті.

Симптомдары

Аурудың белгілері басқа респираторлық вирустардан еш айырмашылығы жоқ.

Олардың негізгілері:

бас ауруы; мұрыннан су ағуы; жөтел; безгек; дауыстың қарлығуы; тыныс алудың қиындауы.

Вирус бронхиолит немесе пневмония тудыруы мүмкін.

Коронавирустан да қауіпті екені рас па?

Маман бұл вирустың қоздырғышы әлі анықталмағанын айтты. Сол себепті әзірге арнайы алдын алу жолдары немесе вакцина түрі жоқ. 

"Ел арасында бұл вирустың коронавирустан да қауіпті екені айтылып, дүрліктіретін ақпараттар тарап жатыр. Алайда халыққа аса қорқудың керегі жоқ дер едім. Коронавирус секілді аса үлкен қауіп тудырмайды", - деді профессор.

Кім жұқтыруы мүмкін

Тәуекел тобына балалар, қарт адамдар, созылмалы өкпе аурулары немесе иммунитеті әлсіреген науқастар жатады.

Инфекцияның таралу жолдары

Метапневмовирус ауа тамшылары арқылы таралады.

Диагностика

Метапневмовирус инфекциясын растау үшін ПТР (полимеразды тізбекті реакция) немесе антиденелер сынағы сияқты зертханалық сынақтар қолданылады.

Қауіп қайдан?

Сонымен, COVID-19 пандемиясынан бес жыл өткен соң, Қытайда жаңа індет – метапневмовирусын (HMPV) жұқтырушылардың тіркелгені хабарланды. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттардан жергілікті ауруханаларында ұзын-сонар кезекте тұрған науқастарды көруге болады. Алайда, қытай билігі «қорқынышты ештеңе жоқ» деп сендірсе де, кейбір ресми емес ақпарат көздері жаңа вирустан қайтыс болғандардың қатары артып жатқанын жариялады. Әсіресе, метапневмовирус солтүстік провинцияларда кеңінен тарап, 14 жастан кіші балалар арасында айтарлықтай өскен. Тәуекел тобына бес жасқа дейінгі балалар, нәрестелер, егде жастағы адамдар, әсіресе, 65 жастан асқандар және иммундық жүйесі әлсіреген немесе демікпе, обструктивті өкпе ауруы сияқты созылмалы тыныс алу аурулары бар адамдар жатады.

Көрші елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми есебінде халықты кезекті әбігерге салған адам метапневмовирусының шығуына (HMPV) кәдімгі тұмау себеп болған. Мамандардың айтуынша, метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және кей жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы беріледі екен.

Емдеу

Арнайы вирусқа қарсы терапия жоқ. Негізінен ыстық сусындар мен антипиретиктерді көбірек ішу керек. Сондай-ақ ауаны ылғалдандыру, бөлмені желдету және жатып демалу керек. Ауыр жағдайларда оттегі терапиясы қажет болуы мүмкін.

Алдын алу

Инфекцияны болдырмау үшін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мыналарды ұсынады:

адам көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық орындарға баруды шектеу; үй-жайларды жүйелі түрде желдету; қолды емдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолданыңыз; ауру адамдармен қарым-қатынасты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету; тұмау немесе жіті респираторлық вирустық инфекция белгілері пайда болса, балаларды үйде ұстаңыз; егер ауру белгілері пайда болса, медицина көмегіне жүгініңіз.

Сондай-ақ, өткен аптада Президент Тоқаев жұртты алаңдатқан метапневмовирусқа қатысты пікір білдірді.

"Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қазір вирус Қытайдың солтүстігінен бөлек, оңтүстік аймағында көбірек тіркелуде. Ал Қазақстаннан баратындардың бәрі Қытайдың оңтүстігіне табан тірейді. Бұл – аурудың ошағы. Сондықтан сақ болмасақ, инфекция бізде де көбеюі мүмкін.