14.01.2025, 00:30

«Айқай естілді»: Астана әуежайында ер адам FlyArystan бортсерігіне шабуылдаған

Фото: Азамат Ерғалиевтің Facebook парақшасынан

Бортсерікті алып кетті.

FlyArystan әуе компаниясының Астана-Өскемен рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі бортсерікке шабуыл жасаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 Бұл туралы журналист Азамат Ерғалиев әлеуметтік желіде жазды. 

Журналистің айтуынша, 50 жастағы ер адам ұшаққа отырғызу басталғаннан кейін агрессивті мінез-құлық көрсете бастапты.

«Менің орнымның артында отырған бұзақы бір мезетте менің орындығыма қатты соққы жасады. Содан кейін бортсерік пен оның арасында айқай шығып, мен қорқып орнымнан тұрдым. Бортсерікті алып кетті», – дейді Азамат Ерғалиев.

Ер адам бұдан кейін де агрессивті әрекетін жалғастырып, басқа жолаушыларға, оның ішінде журналист жігітке де тиісіпті. Полицейлер келгеннен кейін барлық жолаушылар ұшақтан түсіріліп, рейс кейінге қалдырылды.

Әзірге әуе компаниясы бұл оқиғаға байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.